​Тасқын кезінде жарылған су қоймасына жауапты ақтөбелік кәсіпкер жауапқа тартылды

0
108

Хромтау аудандық сотында Мағаджан су қоймасының жарылуына қатысты қылмыстық іс қаралды.


​Тасқын кезінде жарылған су қоймасына жауапты ақтөбелік кәсіпкер жауапқа тартылды

Фото: freepik.com

ERNUR.KZ. Мағаджан су қоймасын сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкер сотталды. Бөгет былтыр тасқын кезінде бұзылып, адамдар эвакуацияланған еді, деп жазады inform.kz.

Хромтау аудандық сотында Мағаджан су қоймасының жарылуына қатысты қылмыстық іс қаралды. Істе аудан тұрғындары мен Хромтау ауданы әкімдігінің, электр қуатымен қамту мекемесінің өкілдері жәбірленуші деп танылған. Сотталушы Мықтыбек Исмағамбетовке Қылмыстық кодекстің 254 бабы бойынша айып тағылды.

Іс материалына сүйенсек, 1885 жылы Хромтау ауданы Табантал ауылынан 22 шақырым қашықтықта Мағаджан су қоймасы салынады. Хромтау аудандық қаржы бөлімі 2014 жылы су қоймасын «Тұлпар ТК» ЖШС-не сатып алу құқығынсын сенімгерлік басқаруға береді.
Келісімшарт бойынша серіктестік нысанды күтіп ұстап, жөндеп, уақытылы техникалық қызмет көрсетуі тиіс. Ал 2017 жылы Хромтау аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мен ЖШС арасында балық шаруашылығын дамыту туралы келісімшарт жасалады. 2024 жылы наурызда Ақтөбеде қар тез еріп, өзендерде су деңгейі көтерілді. Сондай-ақ Хромтау ауданындағы Мағаджан су қоймасында да дәл осындай жағдай тіркелді. 31.03.2024-03.04.2024 жылы аралығында М. Исмағамбетов ТЖД, Хромтау және Алға аудандары әкімдіктері, Жайық-Каспий бассейн инспекциясына электронды пошта және Whatsapp мессенджері арқылы ақпарат беріп отырды. Алайда М. Исмағамбетов суды ағызбады, соңғы сәтке дейін шлюз жабық тұрды.
- ЖШС балық шаруашылығымен айналысады. Директоры су қоймасындағы балық қорынан айырылғысы келмеді. Сондықтан уақылы суды жібермеді. Салдарынан 04.04.2024 жылы су қоймасы жарылып, үйлерді су басты. ТЖД ақпараты бойынша Алға ауданының Бесқоспа, Қызылту және Табантал ауылдарынан 215 адам, оның ішінде 96 бала эвакуацияланды. А. Каделоваға 1 368 000 теңге, К. Калдановаға 957 000, К. Байкеноваға 700 000, С. Досқуатоваға 1 610 000, С. Ағалиеваға 1 993 000, А. Ганиеваға 1 965 000, Ж. Исеноваға 648 000 теңге, су қоймасын қалпына келтіру үшін «Энергосистема» ЖШС және Хромтау ауданы әкімдігіне 200 449 371 теңге мүлік шығыны келтірілді, - деп жазылған сот кабинетіндегі істе.
Сот отырысы кезінде сотталушы М. Исмағамбетов өзіне тағылған айыппен келіспеді. Ол 2014 жылдан бастап күні бүгінге дейін бизнес жоспар және келісімшарт бойынша міндеттерін орындағанын, қажетті техника сатып алып, жыл сайын шлюзді қоқыстан тазартқанын, техникалық қызмет көрсеткенін айтты. 2024 жылы көктемде су бөгетіне барар жол нашар болып, комиссия құрамымен тексеру актісін жасай алмағанян жеткізді. 02.04.2024 жылы үш шлюздің бірін 10 см көтергенімен екіншісін қозғамады. 03.04.2024 жылы сағат 16:00-де үш шлюздің бірін толық ашты. 04.04.2024 жылы су 16 млн текше метрге жетті. Сол 4 сәуір күні Сүгірсай өзенінің суы күрт көтеріліп, бөгет толық бұзылды.
Сотталушы өз сөзінде 2018 жылы облыстық табиғи ресурстар басқармасына күрделі жөндеу туралы хат жазып, бірақ жауап болмағанын жеткізді. Сонымен бірге платинаның меншік иесіне құжаттарды реттеуге қатысты өтініш айтқан.
Сот үкімімен Мықтыбек Исмағамбетов Қылмыстық кодекстің 254 бабы бойынша айыпты деп танылып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындалды. Су шаруашылығы саласында 3 жыл жұмыс істей алмайды. Жәбірленуші деп танылған тұрғындардың және электрмен қамту мекемесінің материалдық шығынды өндіру туралы талап арызы толық қанағаттандырылды. Хромтау аудандық әкімдігінің азаматтық арызы қанағаттандырылғанымен, шығын көлемі азаматтық сотта анықталады.
Сот үкімі күшіне енген жоқ.