Тасқыннан залал келген егін шығыны қалай өтеледі

0
741

Табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған кезде оның шығындарын анықтайтын жергілікті деңгейдегі комиссия құрылады.


Тасқыннан залал келген егін шығыны қалай өтеледі

ERNUR.KZ. Ауыл шаруашылығы саласындағы жеке және заңды тұлғаларға табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан келтірілген залалды өтеу қағидалары жарияланды, деп жазады inform.kz.

Табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған кезде оның шығындарын анықтайтын жергілікті деңгейдегі комиссия құрылады. Оған жергілікті әкімдіктердің, прокуратура органдарының (келісу бойынша), сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының (келісу бойынша), қоғамдық ұйымдардың, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің өкілдері кіреді. Комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ болуы керек және жеті адамнан аспауға тиіс.

Комиссиялар залалды өтеу туралы өтініштерді төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде қабылдайды. Өтінішті электронды нысанда да, қолма-қол да беруге болады.

Залалды өтеу туралы өтінімге мыналар қоса беріледі:
1) жер учаскесіне сәйкестендіру құжатының көшірмесі;
2) жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттың көшірмесі.

Өтінішпен бірге тапсырылған құжаттардың талапқа сәйкестігі 2 жұмыс күнінің ішінде тексеріліп, өтінім берушінің электронды поштасына хабарлама жіберіледі. Егер құжаттар талапқа сай болмаса, хабарламада құжаттардың қандай талаптарға сәйкес келмейтіні көрсетіледі.

Бұл кемшіліктерді жойып, құжатты толықтыруға тағы 2 беріледі. Осы аралықта құжаттар толықтырылмаса, нақты себептерін көрсете отырып, өтінімді одан әрі қараудан бас тартылғаны туралы хабарлама жолданады.

Құжаттарды қарау мерзімі өткеннен кейін құжаттар комиссияның қарауына бір күнге беріледі. Комиссия мүшелері он жұмыс күні ішінде жеке немесе заңды тұлғаның жер учаскелеріне тексеру жүргізіп, табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен дақыл алқаптарын аралайды. Апат салдарынан келген растайтын фотосуреттер мен бейнематериалдарды міндетті түрде қоса бере отырып, тексеру актісі ресімделеді.

Табиғи сипаттағы төтенше жағдайдан келген шығын мынадай формула бойынша есептеледі:
U = T *Р – S,
мұндағы:
U – шығын мөлшері, 1 гектарға теңге;
T – ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге арналған технологиялық картаға сәйкес 1 (бір) гектарға ауыл шаруашылығы дақылын өсіруге шеккен шығын мөлшері;
Р – ауыл шаруашылығы дақылдарының зардап шеккен орны, өсіріліп отырған дақылдар аумағы;
S - алынған субсидиялар көлемі, теңге.

«Ауыл шаруашылығы дақылдарына жүргізілген зерделеу қорытындысы бойынша комиссия табиғи сипаттағы төтенше жағдайдан зардап шеккен жеке немесе заңды тұлғалардың тізбесін жасайды. Комиссия шешімі қабылданғаннан кейін 2 (екі) жұмыс күні ішінде табиғи сипаттағы төтенше жағдайдан зардап шеккен жеке немесе заңды тұлғалардың тізбесі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының ресми интернет-ресурсында орналастырылады», - деп жазылған құжатта.