Теміртауда «Болашаққа – сау тіспен» бағдарламасының шеңберінде мектеп стоматологиялық кабинеті ашылды

0
114

Теміртау қаласының №10 жалпы білім беретін мектебінде балаларға алғашқы стоматологиялық көмек көрсету және профилактика үшін заманауи жабдықтармен жарақталған стоматологиялық кабинет ашылды.


Теміртауда «Болашаққа – сау тіспен» бағдарламасының шеңберінде мектеп стоматологиялық кабинеті ашылды

ERNUR.KZ. Бұл білім беру ортасында стоматологиялық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған «Болашаққа – сау тіспен» бағдарламасын іске асырудың арқасында мүмкін болды, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.

Жаңа кабинет мектеп қабырғасында ауыз қуысын күту бойынша тұрақты қарап-тексерулер, профилактикалық іс-шаралар мен оқыту сабақтарын өткізуге мүмкіндік береді.

Республика мектептерінде стоматологиялық кабинеттер ашу ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бірлескен бұйрығына сәйкес іске асырылады.

Бұл бастама стоматологиялық аурулардың өсуіне байланысты балалардың арасында пррфилактикалық шараларды қабылдау қажеттілігінен туындады. Осылайша, 6 жасар балаларда тісжегі деңгейі 2016 жылы 74,2%-дан 2024 жылы 86%-ға дейін өсті, 15 жастағы жасөспірімдердің арасында өсу 75%-дан 87%- ға дейін құрады.

«Болашаққа – сау тіспен» бағдарламасы шеңберінде 1000-нан астам оқушысы бар мектептерде стоматологиялық кабинеттер мен профилактика кабинеттерін ашу көзделген. Мұнда балалар мен ата-аналарды гигиена дағдыларына үйрететін, профилактикалық емшаралар жүргізетін және аурулардың ерте диагностикасын қамтамасыз ететін стоматологтар мен стоматологиялық гигиенистер жұмыс істейді.

Бағдарлама оқушылардың кемінде 90%-ын жыл сайынғы профилактикалық тексерулермен қамтуды, тісжегі көрсеткіштерін төмендетуді, санитариялық сауаттылықты арттыруды және гигиенаның тұрақты дағдыларын қалыптастыруды көздейді.