Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл жағдайға пікір білдірді.
ERNUR.KZ. Теміртауда қария соққыға жығылған оқиғадан кейін қала әкімінің орынбасары мен мектеп директорларының орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп жазады tengrinews.kz.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл жағдайға пікір білдірді.
"Бүгін орынбасарым Әлібек Әлденей Қарағанды облысы бойынша кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысын өткізді. Теміртау қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарына кәмелетке толмағандарға тиісінше бақылау жасамағаны үшін қатаң сөгіс жариялауды тапсырдым. Сондай-ақ, жасөспірімдер оқыған білім беру мекемелері директорларының орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылды", - деп жазды әкім желіде.
Өңір әкімінің сөзінше, болашақта осындай оқыс оқиғаларды азайту бойынша қосымша шаралар әзірлеуге кіріспек.
"Барлық кінәлі адам қолданыстағы заңнама шеңберінде жауапкершілікке тартылады. Бұл оқиға бойынша полиция тергеу жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, ата-аналардан, педагогтарден балаларды тәрбиелеуге және олардың басқа адамдарға құрметпен қарауына, дұрыс құндылықтарды қалыптастыруға көбірек көңіл бөлуді сұраймын. Біз өз тарапымыздан жасөспірімдерді әлеуметтік қолдау мен алдын алу шараларын күшейтуді жалғастырамыз", - деді әкім.
Еске салайық, бұған дейін Теміртауда жасөспірімдер зейнеткерді аяусыз соққыға жығып, видеоға түсіргені хабарланды. Видео әлеуметтік желілерде жарияланды.
Кадрларда жасөспірімдер зейнеткердің бетінен ұрып-соғып, түкіріп, балағаттағаны көрінеді.
Кейінірек Қарағанды облысы Полиция департаменті өкілі жасөспірімдер анықталғанын мәлімдеді.