Теміртауда зейнеткерді соққыға жыққан жасөспірімдерді қатарластары "көше заңы" бойынша ұрып-соқты

0
180

Теміртауда бір топ жасөспірім жалғыз тұратын қарт кісінің үйіне алдап кіріп, оны балағаттап, тебелеп, бетіне түкірген еді.


Теміртауда зейнеткерді соққыға жыққан жасөспірімдерді қатарластары

Фото: life-house.ua

ERNUR.KZ. Теміртауда жасөспірімдердің қатысуымен болған резонанстық қылмысқа қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Зейнеткердің пәтеріне кіріп, оны ұрып-соққан жасөспірімдерге басқа қатарластары шабуыл жасаған, деп жазады stan.kz.

Теміртауда бір топ жасөспірім жалғыз тұратын қарт кісінің үйіне алдап кіріп, оны балағаттап, тебелеп, бетіне түкірген еді. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарап, қазақстандықтардың ашу-ызасын тудырды.

Іске қатысы бар жасөспірімдерді полиция ұстап, оларды уақытша ұстау изоляторына қамады. Жасөспірімдер есепке қойылды.

Аталған факті бойынша "Алдын ала сөз байласу арқылы жасалған топтық тонау" бабымен қылмыстық іс қозғалды. Бірақ оқиға мұнымен аяқталған жоқ. Зейнеткерді ұру видеосы әлеуметтік желіде кең тарағаннан кейін, жергілікті мектеп оқушылары "көше заңдары" бойынша жасөспірімдерден кек алуды шешкен. Жасөспірімдер шабуылға қатысқан екі баланы тауып, оларға жаза қолданды. Бұл факт көп ұзамай анықталып, жасөспірімдер мен олардың заңды өкілдері полицияға жеткізілді.

Бірақ енді іс "Қасақана денсаулыққа зиян келтіру" бабы бойынша тергеліп жатыр. Күдіктілер есепке алынғанымен, қамауға алынған жоқ. Олардың заңды өкілдері де балаларын дұрыс тәрбиелемегені үшін жауапқа тартылады.

Полиция департаменті заңсыз әрекеттерге құқықтық баға тек заң аясында берілетінін атап өтті. Кез келген құқық бұзушылыққа тек құқықтық негізде жауап беріледі. Айта кетейік, бұл істі Қарағанды облыстық полиция департаментінің басшылығы бақылауға алған.

Еске салайық, бұған дейін Теміртауда қарияның үйіне баса көктеп кіріп, соққыға жыққан жасөспірімдердің видеосы тарағанын жазған едік. Теміртауда түсірілген видеода 16-18 жас шамасындағы жігіттердің төсектен тұра алмай жатқан қарияны ұрып, бетінен теуіп жатқанын көруге болады. Сондай-қ қарияға балағат сөздер айтып, бетіне түкірген. Зейнеткер қорғануға тырысқанымен одан сайын соққы алып жатқаны байқалады.