Теңге құнсыздана ма – сарапшылар болжам жасады

0
1 037

Экономистердің болжамы бойынша мұнайдың қазіргі бағасы жылдың екінші жартысына дейін сақталса, онда теңге әлі де құнсызданады.


Теңге құнсыздана ма – сарапшылар болжам жасады
ERNUR.KZ. ОПЕК+ елдері мұнай өндіру көлемін қысқартуға келіскеннен кейін шикізаттың әлемдік бағасы 30 доллардан асты. Алайда осы аптада мұнайдың бағасы тағы төмендеп, теңге біршама құнсызданып қалды. Сарапшылар ОПЕК+ келісіміне баға беріп, теңгенің алдағы тағдырына болжам жасады, деп жазады Sputnik Қазақстан.
ОПЕК+ келісімі көмектесе ала ма?

Сөз жоқ, бүгінде ұлттық валютамыздың бағамына әсер етіп отырған негізгі факторлардың бірі – мұнайдың әлемдік бағасы. Себебі экспортқа көбінесе "қара алтынды" шығарамыз. Шикізаттың құны көтерілген сайын теңге күшейіп отырады. Ал күрт арзандаса, теңге де әлсірейді. Оны біз наурыз айында анық байқадық. Мұнайдың бір баррелі 20 долларға түскенде ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы 460-470 теңгеге дейін барған.

Қазақстанның мұнай сервистік компаниялары одағының басшысы Рәшид Жақсылықовтың айтуынша, "ОПЕК+"-тің мамыр айынан бастап мұнай өндіру көлемін 9,7 миллион баррельге қысқарту келісімі әлемдік нарыққа айтарлықтай әсер етпейді. Мұнайдың тұрақты бағасын да ұстай алмайды. Әлемде коронавирустың салдарынан мұнай өнімдеріне деген сұраныс күрт төмендеп кетті. Сол себепті қысқартылатын мұнай көлемі әлдеқайда көп болып тұр.
"ОПЕК+"-тің қысқартамыз деп отырған 9,7 миллион баррелі мұнай бағасының тұрақтануына керемет бір ықпал етпейді. Себебі қазіргі кезде дүниежүзінің экономикасы тоқтап жатыр, АҚШ, Үндістан, Қытай сияқты ірі тұтынушылардың шикі мұнайға деген сұранысы төмендеді. Мысалы, Американың бәрі карантинге жабылды. Қытай енді-енді оңалып келеді. Үндістан карантинге жаңа кіріп жатыр. Ол қаншалықты ұзақ болатынын ешкім білмейді. Сондықтан "ОПЕК+"-тің келіскен көлемі тым аз", - дейді Жақсылықов.
Артық мұнай ескерілмеді
Сарапшының сөзіне қарағанда, ОПЕК+ мұнай өндіруді 20-25 миллион баррельге қысқартқан жағдайда шикізат бағасы қатты құбылмай, теңге бағамы тұрақталатын еді. Қазіргі кезде жиналған артық мұнай да ескерілмей отыр.
"Наурызда мұнай нарығында үлкен тартыс болып жатқанда көбісі мұнайды қоймаға жинап алды. Оған қоса мұнай танкерлері толып тұр. Ол шикізат есепте жоқ, себебі әлі сатылмады. Негізі бұған дейін ОПЕК+ мемлекеттері арасында талай келісімшарт болған. Бірақ сол келісімдерді толығымен орындауға ешкімнің зауқы жоқ", - деп атап өтті Жақсылықов.
Қазіргі кезде коронавирустың салдарынан әлемнің көптеген елі карантин жарияланғаннан кейін кәсіпорындар мен көлік қатынасы тоқтады. Демек, мұнай мен мұнай өнімдеріне деген сұраныс күрт төмендеп отыр.
"Алдағы бір-бір жарым жылдың ішінде мұнай бағасы түзеледі дегенге өз басым сенбеймін. "ОПЕК+" ең бірінші мұнай бағасын тұрақтандыруға тырысып отыр. Екіншіден, "ҚазМұнайГаз" сияқты ұлттық компаниялардың акциясын арзандатпау, үшіншіден, біз сияқты шикізатқа тәуелді мемлекеттердің ұлттық валютасы құнсызданбасын деп жатыр. Келісімнің негізгі мақсаты осы", - дейді Жақсылықов.

Теңге құнсыздануы мүмкін

Экономист Мақсат Халық мұнай саласындағы сарапшылардың айтқанына қосылып отыр. ОПЕК+ бір келісімге келіп, бұрын-соңды болмаған қысқартуларға барды. Алайда шетелдік рейтингтік агенттіктер де мұнай өндіру көлемін 15 миллион баррельге азайту керек деп отыр. Сонда ғана шикізаттың әлемдік бағасы өседі.
"Сондықтан "ОПЕК+"-тің қазіргі келісімі мұнай бағасын 30 доллардың шамасында ұстап қалуға ғана септігін тигізеді деген болжам бар. Дегенмен, ұйымға кірмейтін Канада, АҚШ, Бразилия сияқты елдер де мұнай өндіру көлемін қысқартатын болса, 15 миллионға дейін жетіп қалуы мүмкін деген пікір бар. Сонда ғана мұнайдың бағасы 40 доллардан асады. Алайда ондай процестің әзір бола қоятын түрі жоқ сияқты", - деді Халық.
Экономистің сөзіне қарағанда, жақын арада мұнай бағасы 40 доллардан аспаса, ұлттық валютаға қысым көбейеді, теңге құнсыздануы әбден мүмкін.
"Ал "қысым түседі" дегенді қалай түсінуге болады? Бізде мұнай экспорттаушы компаниялар шикізатты доллармен сатады ғой. Осында алып келгесін теңгеге аударады. Енді олар ең болмағанда осы айырбас арқылы табысын ұлғайтуға тырысады. Сондықтан экспортерлар теңгенің құнсыздануына ынталы болады. Алдағы уақытта соны сұрайды. Себебі "ҚазМұнайГаз" сияқты үлкен компаниялар бар. Жұмысшылары көп. Оларға жалақы төлеу керек. Демек теңгені көбірек шығару қажет", - деп түсіндірді Халық.

Сарапшы экспорт пен импорттың айырмашылығын да ескеру керек дейді. Қазақстанда экспорттың басым бөлігі мұнай болғандықтан, қазіргі жағдайда одан түсетін табыс екі есеге төмендеген. Демек, экспорт пен импорттың сальдосы теріс болады. Ол да теңгенің бағамына теріс әсерін тигізеді.
"Жалпы, экономистердің болжамы бойынша мұнайдың қазіргі бағасы жылдың екінші жартысына дейін сақталса, онда теңге әлі де құнсызданады. Ал жылдың соңына дейін жалғасып кетсе, ұлттық валютамыз тағы құнсызданады", - дейді Халық.