«Tengri Bank» АҚ салымшылары өз ақшасын қайтарып алу үшін «Еуразиялық банк» АҚ-ның кез келген филиалы немесе бөлімшесіне барып, өтініш толтырулары қажет.
ERNUR.KZ. 30 қыркүйекте Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКҚ) «Еуразиялық банк» АҚ арқылы «Tengri Bank» АҚ салымшыларына кепілдік берілген өтемді төлеуді бастады, деп жазады ҚазАқпарат.
Сағат 17:00-дегі жағдай бойынша, агент-банк Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры есебінен азаматтарға шамамен 4,8 млрд теңге ақшасын қайтарды. Бұл «Tengri Bank»АҚ салымшыларының алдында кепілдік берілген өтем сомасы бойынша міндеттемелердің жалпы көлемінің 27% құрайды.
ҚДКҚ-дан мәлім еткендей, кепілдік берілген өтемді төлеу рекордтық қысқа мерзімде – «Tengri Bank» АҚ барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиясынан айырылған күннен бастап 8 жұмыс күнінен кейін басталды.
«Салыстыру үшін алдыңғы банктер бойынша төлемнің басталу мерзімі оларды қаржы реттеушісі лицензиясынан айырғаннан кейін 80-нен 107 жұмыс күніне дейін болды.
Салымшыларға қаражатты жедел төлеу 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген және 2019 жылы Қордың ұсынысы бойынша Қазақстан Ұлттық банкімен бірлесіп жасаған заңнамалық өзгерістердің арқасында мүмкін болды. Осы өзгерістерге сәйкес Қор сот шешімін күтпей-ақ, өзіне кепілдік берілген өтемді төлеу бойынша міндеттемелерді қабылдайды», - деді ҚДКҚ-дан.
«Tengri Bank» АҚ салымшылары өз ақшасын қайтарып алу үшін «Еуразиялық банк» АҚ-ның кез келген филиалы немесе бөлімшесіне барып, өтініш толтырулары қажет. Салымшылар өтеу сомасын «Еуразиялық банк» АҚ сайтында онлайн тексере алады.
Еске салайық, 2020 жылдың 18 қыркүйегінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Tengri Bank» АҚ-ны барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдаған болатын.