Термин мәселесімен айналысуға шенеуніктердің уақыты жоқ – Мұрат Бақтиярұлы

0
425

Қазақ тілінің терминологиясын әзірлеумен шенеуніктер емес, лингвист ғалымдар мен жаратылыстану саласының мамандары айналысуы керек, дейді депутат.


Термин мәселесімен айналысуға шенеуніктердің уақыты жоқ – Мұрат Бақтиярұлы

ERNUR.KZ. Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы Қазақстан үкіметіне тікелей есеп беретін, терминологиялық жұмыстармен тұрақты айналысатын ғылыми-практикалық орталық құруды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik.kz

Сенатордың айтуынша, қазақ тілінің терминологиясын әзірлеу кәсіби біліктіліктің жоғары деңгейін талап етеді. Сондықтан бұл іспен шенеуніктер емес, терминнің тілдік табиғатын терең білетін лингвист ғалымдар мен терминологиялық сөздіктер жасап, оқулықтар жазып, терминтанудың қолданбалы мәселелерімен тікелей айналысып жүрген нақты ғылымдар мен жаратылыстану саласының мамандары айналысуы керек.

"Ел тәуелсіздігін жариялағаннан кейін бұл саладағы комиссияға тіл саясатын жүргізуге жауапты министрліктің басшылары төраға болды. Комиссия құрамына президент әкімшілігі қызметкерлері, депутаттар, парламенттің аударма бөлімінің меңгерушілері, үкімет пен министрліктердің өкілдері, бас редакторлар енгізілді. Біздіңше, өздерінің лауазымдық міндеттері бар, жұмыстары басынан асатын әрі термин мәселесімен жүйелі түрде айналыспайтын мүшелер құрамына кірген комиссия терминологияның қыруар тірлігін мінсіз атқара алмайды", - деді Мұрат Бақтиярұлы вице-премьер Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында.

Айтуынша, терминком бекіткен терминдер дұрыс іріктеліп, кәсіби дәрежеде талданбағандықтан, олардың қолданысқа еніп, тұрақтауы да қиындық туғызып отыр. Бұл жағдай терминологиялық жұмыстарды ұйымдастыру мәселесін қайта қарау қажеттігін айқын көрсетеді.

"Осыған байланысты терминологиялық жұмыстарды кәсіби тұрғыда ұйымдастыру мәселесі арнайы қаралып, бұл іспен тұрақты, кәсіби мамандардан тұратын, Қазақстан үкіметіне тікелей есеп беретін, терминологиялық жұмыстарды жүргізумен тұрақты әрі жүйелі түрде айналысатын ғылыми-практикалық орталық құру қажет деп санаймын", - деді сенатор.