​Түркістан облысында 108 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылады

0
96

Көлік-логистика әлеуетін арттыру бағытында «Түркістан – Шәуілдір» автожолын жаңғырту, Сарыағаш пен Түркістан қалаларының айналма жолдарын салу жұмыстары жалғасады.


​Түркістан облысында 108 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылады

Түркістан облысында 406 млрд теңгеге 108 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасын өңірде жүзеге асыру мәселесі Түркістан облысы әкімдігінде қаралды. Маңызды мәжіліске облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етті.

Кезекті алқа отырысында баяндама жасаған Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Күмісбек Жаппар Жолдауда белгіленген 12 басым бағыт аясында өңірде атқарылатын жұмыстар мен алдағы жоспарларды таныстырды. Соның ішінде инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше басымдық берілген. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында 2027-2029 жылдары облыста жалпы құны 406 млрд теңгені құрайтын 108 ірі нысанды салу және жаңғырту жоспарланып отыр. Оның ішінде денсаулық сақтау саласында 131,6 млрд теңгеге 4 нысан, білім беру саласында 48,2 млрд теңгеге 22 нысан, мәдениет саласында 6,9 млрд теңгеге 11 нысан және спорт саласында 22,3 млрд теңгеге 8 нысан бар. Бұдан бөлек, 152 млрд теңгеге 54 инженерлік инфрақұрылым жобасы және 36 млрд теңгеге 6 жол жобасы іріктелген.

Көлік-логистика әлеуетін арттыру бағытында «Түркістан – Шәуілдір» автожолын жаңғырту, Сарыағаш пен Түркістан қалаларының айналма жолдарын салу жұмыстары жалғасады. «Дарбаза – Мақтаарал» жаңа теміржол желісі 27 қазанда техникалық режимде іске қосылды. Бұл Сарыағаш станциясына түсетін жүктемені 40 пайызға дейін азайтып, жүк тасымалының өткізу мүмкіндігін арттыруға жол ашады. Энергетика саласында Сайрам ауданында 1000 МВт бу-газ қондырғы станциясы, Сауран ауданында 300 МВт күн электр станциясы салынуда. Электр желілерін жаңғыртуға 113 млрд теңге бағыттау жоспарланған.

Өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында индустриялық аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтағы жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда облыста 21 индустриялық аймақ бар. Онда 158,4 млрд теңгеге 105 инвестициялық жоба іске асырылуда. Ал «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 863,8 млрд теңгені құрайтын 37 жоба бар.

Агроөнеркәсіп кешенінде мақта-тоқыма, жүгеріні терең өңдеу және ет кластерлерін дамыту көзделген. Мақта-тоқыма кластері аясында 212,6 млрд теңгеге 5 жоба жүзеге асырылуда. Шардара ауданында жылына 150 мың тонна жүгері өңдейтін зауыттың құрылысы аяқталған.

Инвестициялық саясат аясында 2026-2029 жылдарға жалпы құны 3,2 трлн теңгені құрайтын 142 жобадан тұратын пул қалыптастырылған. Оларды іске асыру нәтижесінде 18 981 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері өндірген өнім көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,5 пайызға өсіп, 1,8 трлн теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада бірінші орынға шыққан.

Алқа отырысының күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гүлфари Әжіметова сөз сөйлеп, аудан, қала әкімдіктері мен облыстық басқармалардың 2026 жылдың 9 айындағы қызмет тиімділігіне жүргізілген рейтингтік бағалау қорытындысын баяндады. Оның айтуынша, аудан, қалалар арасында бірінші орынды 36,1 ұпаймен Сауран ауданы иеленді. Екінші орында – 30,9 ұпаймен Жетісай ауданы, үшінші орында 28,5 ұпаймен Сайрам ауданы тұр. Облыстық басқармалар арасында үздік үштікке Дін істері басқармасы, Құрылыс басқармасы, Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы енді.

Алқа отырысын қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров Жолдауда белгіленген міндеттерді сапалы орындау, инвестициялық жобаларды уақтылы іске қосу, инфрақұрылымдық мәселелерді шешу және мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге индикаторлық көрсеткіштері төмен аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларының есебін тыңдап, тиісті сын-ескертпесін айтып, жұмысты жандандыруды тапсырды.

Бөлісу