Ұлттық киноны қолдау Мемлекеттік қорының тұңғыш іріктеуі аты әлемге әйгілі, іскерлігімен танымал кино саласының майталманы тарапынан қызығушылыққа ие болды.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан Республикасының премьер-министрі Асқар Маминмен бірлесе Нұр-Сұлтанда режиссёр Тимур Бекмамбетовпен кездесу өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Кездесу елімізде қабылданған «Кинематография туралы» Заңды талқылау аясында өтті. Сұхбаттың негізгі тақырыптары - қазақстандық киноиндустрияның келешектегі даму жолдары және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қызметі.
«Тимур Бекмамбетовке кинематографты дамыту жоспарымыздың ұнағаны сондай, ол бізге тегін кеңес беріп көмектесуді мойнына алды. Біз үшін Тимур Нұруахитұлының коммерциялық жобаларды қалыптастырудағы ұсыныстары мен тәжірибесі өте құнды: коммерциялық киноның дамуы, прокатта табысты болу үшін қаржыландыру жолдары, т.б» деп атап өтті министр.
Қазіргі таңда Тимур Бекмамбетов Қазақстандағы бірнеше шығармашылық топтармен қарым-қатынаста және Ұлттық киноны қолдау Мемлекеттік қоры жариялаған іріктеуге қатысатын екі киножобаның продюсері болу туралы шешім қабылдады.
Ұлттық киноны қолдау Мемлекеттік қорының тұңғыш іріктеуі аты әлемге әйгілі, іскерлігімен танымал кино саласының майталманы тарапынан қызығушылыққа ие болды.
Бір апта ішінде конкурсқа 95 тапсырыс келіп түсті. Жобаны қорғауға, немесе кино саласындағы терминмен айтсақ, - питчингке 10-15 минут бөлінеді. Одан кейін іріктеуден өткен презентацияларды құрамына мәдениет және кино әлемінің беделді өкілдері енген Эксперттік кеңес тыңдап, қарайтын болады.
Дереккөз: mks.gov.kz.