Тоқаев Ассамблеяның басты міндеттерін атады

0
177

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясы өтіп жатыр.


Тоқаев Ассамблеяның басты міндеттерін атады

фото: akorda.kz

ERNUR.KZ. 2025 жылғы 24 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА тарихы Тәуелсіз Қазақстанның жылнамасының ажырамас бөлігі екенін атап өтті.

Сонымен қатар, президент, әр жылдары елімізде түрлі диалог алаңдары мен қоғамдық органдар құрылғанына тоқталды.

Алайда бүгінгі мерейтойлық жиында Ассамблеяның қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыру мен ұлттық бірегейлікті бекіту ісінде баламасы жоқ басты платформаға айналғанын және алдағы уақытта да солай болып қала беретінін атап өтті.

"Ассамблея – мемлекеттігімізге арқау болған аса маңызды құрылым. Бұл – Ассамблеяға артылатын жүктің салмағы да жеңіл емес деген сөз. Ұлттық мүдделерімізді қорғап, егемендігімізді нығайту – қастерлі парыз. Мұны Ассамблея мүшелері терең сезінеді деп ойлаймын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ассамблея барша азаматтарды ортақ құндылықтар мен мақсаттарға жұмылдыратын жалпыхалықтық орган ретінде жұмыс істеуі керек.

Басты міндет – Қазақстан халқының татулығы мен ауызбіршілігін, мемлекетіміздің тұтастығы мен киелі Тәуелсіздігімізді нығайту. Алдағы уақытта да солай болып қала бермек. Біз болашақта да осы бағытта нақты шаралар қабылдаймыз, – деді мемлекет басшысы

"Мен 2022 жылы Ассамблеяны дамыту тұжырымдамасын бекіттім. Оның мерзімі де аяқталып келеді. Сондықтан жаңа құжатты дайындау жұмысына қазірден бастап кірісу керек, яғни, 2026-2030 жылдарға арналған басымдықтарды айқындау қажет. Тұжырымдаманың жобасында қоғамды ұйыстырып, үйлесімді дамуға жол ашатын жаңа әдіс-тәсілдер көрініс табуы керек. Сондай-ақ Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық этностардың құқықтарын қорғауға арналған негізгі қағидаттар көрсетілуге тиіс. Үкімет этносаралық саладағы республикалық және өңірлік жұмыс жоспарының барлығын жан-жақты сараптап, оның тиімділігін арттыруға қатысты ұсыныс енгізуі қажет. Жалпы, ұлт бірлігін нығайтуда барлық мемлекеттік және қоғамдық механизмдерді жетілдіруді жалғастыру керек", - деді Президент.

Президент сонымен қатар, бірқатар маңызды міндеттерге қысқаша тоқталды.

Біріншіден, Ассамблея аймақтардағы жұмысты жандандыруы керек. Былтыр еліміздің рухани және тарихи-мәдени ордасы – Түркістанда жаңа Достық үйі ашылды. Енді осындай Достық үйін халық тығыз қоныстанған Алматы облысында салу қажет. Бұл ғимарат аймақтың қоғамдық өмірі үшін өте маңызды орталық болмақ. Түрлі этнос өкілдері тұратын Қордай, Ұйғыр, Сайрам, Панфилов және басқа да аудандарда Ассамблея ашу керек. Сонымен қатар Достық үйлері тағы бірнеше қала мен аудан орталығында ашылады деп жоспарланып отыр. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Біз қоғамдық келісім инфрақұрылымын біртіндеп кеңейте беруіміз керек. Барлық аймақтағы Достық үйлерін өз азаматтарымыз да, қажет болып жатса, шетелдік қонақтар да баратын туристік бағыттар картасына енгізген жөн. Құзырлы орган басшылары мен әкімдер Ассамблеяның этномедиация саласындағы жұмысына жан-жақты қолдау көрсетуге тиіс. "Елдесу және татуласу" жобасының ауқымын кеңейтіп, оны алдағы екі жылда бүкіл елге тарату қажет. Үкімет пен әкімдер Ассамблеяның басқа да жобаларын қоғамдық-саяси жұмыс жоспарларына қосып, нақты шаралар қабылдауы керек.

Екіншіден, ақпараттық кеңістікте бірлік мен келісім идеяларын кеңінен дәріптеу маңызды. Бұл – Ассамблеяның барлық құрылымына, әсіресе, журналистер клубына қатысты кезек күттірмейтін міндет. Салалық министрлік, өңір әкімдері ҚХА журналистер клубының құрамына жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қосып, клуб жұмысының бірыңғай алгоритмін жасауы керек. Қазақстандағы этностардың тілінде шығатын, ең алдымен, өңірлердегі бұқаралық ақпарат құралдарына жүйелі түрде қолдау көрсеткен жөн".

"Үшіншіден, "Бірлігіміз – әралуандықта" қағидатын жүзеге асыру үшін мәдениет пен өнердің әлеуетін толық пайдаланған дұрыс. Александр Пушкин, Тарас Шевченко, Федор Достоевский, Михаил Шолохов және басқа да тұлғалардың музейлері – Қазақстан мәдениетінің баға жетпес қазынасын толықтырып тұр. Бұл музейлерді көпшілікке таныту үшін экспозицияларын Астана мен Алматыда ұйымдастыру маңызды. Кейбір этномәдени бірлестіктер бірегей өнер және этнографиялық жеке коллекцияларды жинады. Бұл да еліміздің мәдени мұрасына айналуға тиіс.

"Қазақстанда 9 орыс драма театры табысты жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ ерекше төрт этнос театры, яғни, ұйғыр, корей, өзбек және неміс театрлары көрерменнің көзайымы болып жүр. Ассамблеяның 30 жылдығы аясында Алматыда бәрінің басын қосып, Қазақстан этностары театр өнерінің фестивалін өткізсек болады. Халық көп келеді деп ойлаймын", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Наталья Дубс ханым театр мен мәдениет саласына техникалық мамандарды даярлау мәселесін орынды көтеріп отыр. Бұл бастаманы зерттеп, оны жүзеге асыруға көмектесу қажет".