Президент екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығаятынына сенім білдірді.
© Пресс-служба президента Казахстана
ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық әрiптестiк және одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуымен құттықтады, деп хабарлады Ақорда.
"Елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың басты бағыттарын қамтитын бұл тарихи құжат қазақ-әзербайжан байланысын дамытудағы маңызды кезеңнің басталғанын айқындап, көптеген сала бойынша өзара ықпалдастықты нығайтуға берік негіз қалады. Бірлескен күш-жігер арқылы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайтып, екіжақты ынтымақтастықтың орасан зор әлеуетін халықтарымыздың игілігі жолында пайдаланамыз деп сенемін", – делінген құттықтау жеделхатында.
Еске сала кетейік, былтыр Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 500 млн доллардан асты.
Екі ел тауар айналымын неғұрлым жоғары деңгейге көтеруге мүдделі. Мәселен, Қазақстан Әзербайжанға 340 млн доллардан астам сомаға шикізаттық емес тауарлардың 130 түрін жеткізу көлемін арттыруға дайын. Былтыр Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалдау көлемі 62%-ға өсіп, 4,5 млн тоннаға жетті. Екі елдің темір жолдары арасында Digital Trade Corridor платформасын интеграциялау аяқталды.