Тоқаев: Бас санитарлық дәрігердің өкілеттігі күшейтіледі

0
663

Медицина қызметкерлері қолдау көрсеткені үшін мемлекет пен Президентке алғыс айтты.


Тоқаев: Бас санитарлық дәрігердің өкілеттігі күшейтіледі

Мемлекет басшысы коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған Төтенше жағдай кезінде екі аптаның ішінде салынған елордадағы модульді жұқпалы аурулар ауруханасына барған кезінде, бас санитарлық дәрігердің өкілеттігі күшейтілетінін айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлермен әңгімелесу кезінде санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жүйесін реформалау мәселесіне тоқталды.

"Әрбір дағдарыстың өз сабағы болады. Оны ескеру керек. Біз қазіргі дағдарыс пен пандемиядан сабақ алып жатырмыз. Шын мәнінде, соңғы жылдары санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жүйесін дамытуға және оны қолдауға тиісті дәрежеде көңіл бөлінбеді. Әрине, оның белгілі бір себептері бар. Оны сіздер жақсы білесіздер. Біз қазір Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысын қайта қалыптастырып жатырмыз. Қажетті реформалар жүргізілетін болады. Атап айтқанда, Бас санитарлық дәрігердің өкілеттігі күшейтіледі", – деді Мемлекет басшысы.

Медицина қызметкерлері қолдау көрсеткені үшін мемлекет пен Президентке алғыс айтты. Сондай-ақ олар дәрігер-инфекционистердің еңбек ақыларын арттыру мәселесін көтерді.

"Біз қазір бюджеттің барлық қаражатын шоғырландырып жатырмыз. Сіздер Қазақстанның осыған дейін қалыптасқан дәстүрлі нарығының құлдырағанын түсінуге тиіссіздер. Бюджетке түсуге тиісті қаржының негізгі бөлігін толық ала алмай отырмыз. Дегенмен осындай күрделі қаржылық қиындықтарға қарамастан, сіздердің өтініштеріңізді қараусыз қалдырмаймыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.