Агенттік төрағасы мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту үшін 450-ден аса кәсіпорынды қамтитын тізім дайындалғанын жеткізді.
ERNUR.KZ. Президентке «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлықты іске асыру мақсатында атқарылған жұмыс нәтижесі баяндалды.
Агенттік төрағасы мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту үшін 450-ден аса кәсіпорынды қамтитын тізім дайындалғанын жеткізді. Ұлттық жекешелендіру кеңсесі әзірлеген тізімдегі компанияларды бәсекелестік ортаға беру ұсынылады.
Марат Омаровтың айтуынша, негізгі тауарлар нарығындағы бәсекелестікті дамыту жұмыстары аясында биржалық қызмет заңнама талаптары мен қазіргі нарықтық сауда жағдайларына сәйкестендірілген. Бүгінгі таңда 3 тауар биржасы жұмыс істейді, ал Агенттікке аталған саладағы мемлекеттік бақылау функциялары берілген сәтте 22 биржа болған еді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысына ведомствоның алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспары таныстырылды.
Кездесу соңында Президент экономиканың басты секторларындағы бәсекелестікті дамытуға, ведомство жүргізіп жатқан тергеулер мен тексерулерге, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қорғауға байланысты бірқатар тапсырма берді.