Тоқаев: Назарбаевтың астананы көшірудегі еңбегіне лайықты, әділетті баға беруіміз керек

0
620

Бас қаламыз ресми түрде 1997 жылы 10 желтоқсанда көшірілді.


Тоқаев: Назарбаевтың астананы көшірудегі еңбегіне лайықты, әділетті баға беруіміз керек

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың 25 жылдық мерейтойына арналған бауырлас қалалар форумында Астананың тарихына тоқталып, астананы көшіру геосаяси тұрғыдан өте дұрыс қадам болғанын атап өтті, деп жазады zakon.kz.

Мемлекет басшысы елорданы көшіру оңай болмағанын, қомақты жұмыс істелгенін айта келе, бұл шешім өте күрделі кезеңде қабылданғаны, ел экономикасы тоқырауда болғанын, жұрт нарықтық қатынастарға толық бейімделмеген кез болғанын еске алды.

"Осындай қиын жағдайда Жоғарғы кеңес Тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша Астананы Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады", – деді ол.

Бас қаламыз ресми түрде 1997 жылы 10 желтоқсанда көшірілді. Ал осыдан 25 жыл бұрын 6 мамырда Ақмола атауы Астана болып өзгертілді.

Мемлекет басшысы елорданың жылнамасы Тәуелсіз Қазақстанның шежіресімен тығыз астасып жатқанын баса айтты.

"Шын мәнінде, астананы көшіру геосаяси тұрғыдан өте дұрыс қадам болды. Бұл – халқымыздың болашақ тағдырын айқындаған аса маңызды және дер кезінде қабылданған тарихи шешім. Тұңғыш президенттің осы бастамасы жаңа ұлттық идеяға айналды. Бұл шешім еліміздің, халқымыздың ұлттық мүддесіне сай келгеніне ешқандай күмән жоқ. Сондықтан бәріміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл саладағы еңбегіне лайықты, әділетті баға беруіміз керек".Қасым-Жомарт Тоқаев

Соынмен қатар Президент "әділетті Қазақстанда ақты ақ, қараны қара деу қажет, басқа сөзбен айтқанда, ненің шындық, ненің өтірік екенін ажырата білу керек" екенін айтты.

"Бұл – еліміздің болашағына тікелей қатысы бар мәселе", – деді Президент.

Елорданың заманауи келбетін қалыптастыруға Кисё Курокава, Норман Фостер, Ренато Аркетти, Манфреди Николетти сияқты әлемге әйгілі сәулетшілер атсалысты.

"Бәйтерек" монументі, "Бейбітшілік және келісім" сарайы, "Хан шатыр" кешені және басқа да бірегей нысандар қаланың көркін аша түсті. Бас қаламыз "Астана опера", "Астана балет" сияқты өнер ордалары арқылы бүкіл әлемге мәдени орталық ретінде танылды.