Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың мінезі туралы айтты

0
990

Президенттің айтуынша, Елбасының тапқырлығын шетел саясаткерлері үнемі жоғары бағалайды және мұндай қасиет оны ұдайы жетістікке жеткізіп келеді.


Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың мінезі туралы айтты

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің "Тарихи тұлға тағылымы" атты мақаласында Нұрсұлтан Назарбаевтың мінезі туралы жазды, деп жазады sputniknews.kz.

"Нұрсұлтан Назарбаев әртүрлі мінезге ие адамдармен жарасым таба алады. Әрине оның харизматикалық болмысы туралы аз айтылмайды. Мұндай сирек қасиет әркімге беріле бермейді, бұл – расында да ең әуелі табиғат сыйы, содан кейін адамның өзін өзі үнемі дамытуына тікелей байланысты қасиет. Ұзақ жылдар бойы Елбасының еңбегіне шәкірті ретінде де, серіктесі ретінде де, үзеңгілесі ретінде де көңіл аудара жүріп, әр кез қабілетіне таңғалатынымды жасырмаймын", – дейді Тоқаев.

Президент Елбасының көп оқитынын, ұлттық әдебиетке ғана емес, шетел әдебиетіне де көңіл бөліп отыратынын да атап өтті. Назарбаев барлық оқиғадан хабардар болып отырады, елдің тарихы мен мәдениетін жетік біледі, әсіресе экономикалық ақпаратқа жіті ден қояды.

"Сыртқы саясатта қызмет еткен адам ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдік басшылармен кездесуге өте тыңғылықты әзірленетінін білемін. Ол сыртқы істер министрлігі мен басқа да ведомстволар дайындаған ақпараттық материалдармен мұқият танысқан, содан соң жеке қойын дәптеріне өзінің тезистерін жазған еді. Оны барлық нәрсе қызықтырған деуге болады: сол елдің экономикалық жағдайы, кездесетін тұлғаның мінезіндегі ерекшеліктер, іскерлік қасиеттері және басқалар", – деп жазды президент.

Тоқаев тұңғыш президенттің қызықты әңгіме ғана емес, әзіл сөзді орынды қолдана білетінін де жеткізді. Елбасының тауып айтатын әзіл-қалжыңы әр кездесу соңынан әлемдік саясат өкілдері арасында бірден тарап кетеді екен. Оның тапқырлығын шетел саясаткерлері үнемі жоғары бағалайды.

"Бұл қасиеттері оны ұдайы жетістікке жеткізіп келеді. Дегенмен, саяси тұлғасының жөні бөлек. Ол әлемдік оқиғалар туралы, оны өз еліне өлшеп-пішу арқылы заманауи қарым-қатынастағы құрылымға үйлестіру туралы үнемі ойланады. Иә, Елбасы Қазақстанның әлемдік саясаттан шеткері қалмауы үшін де шетелге көбірек шыққан, резиденциясында шетелдік қонақтарды жиі қабылдаған", – деп атап көрсетті Тоқаев.

Президент Уинстон Черчилльдің "Қиын уақытта елді мықты басшы басқаруы керек" деген сөзін де еске алды. Себебі, Елбасы осы қағиданы басшылыққа алды.

"Қазақстанға қатысты қарасақ, саясат алыбының бұл тұжырымы өте өзекті, өйткені мұндай басшылықсыз ел оң өзгерістер жасай алмас еді. Елбасы өзі атап өткендей, реформалардың нәтижесінде ең басты мақсатқа – адамдардың психологиясын өзгертуге қол жетті", – дейді Тоқаев.