Цифрлық экономика: Олжас Бектенов «ДӨО алқабы» жобасын жүзеге асыру барысы туралы кеңес өткізді

0
118

Жиында құрылыс жұмыстарының барысы, сондай-ақ жобаны кеңейту және инвестиция тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндамалар тыңдалды.


Цифрлық экономика: Олжас Бектенов «ДӨО алқабы» жобасын жүзеге асыру барысы туралы кеңес өткізді

ERNUR.KZ. Премьер-министр Олжас Бектенов Павлодар облысындағы «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасын жүзеге асыру барысы туралы кеңес өткізді. Жоба Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында цифрлық экономиканы қалыптастыру және еліміздің цифрлық өзгерісін жеделдету жөнінде қойған міндеттеріне сәйкес жүргізілуде, деп хабарлайды primeminister.kz.

Жиында құрылыс жұмыстарының барысы, сондай-ақ жобаны кеңейту және инвестиция тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндамалар тыңдалды.

Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жобаның еліміздің цифрлық экономикасын дамыту үшін маңыздылығын атап өтті. «ДӨО алқабы» – қазақстандық экспортқа елеулі серпін бере алатын технологиялық және ірі экономикалық жоба. KPMG халықаралық агенттігінің бағалауы бойынша алдағы уақытта жыл сайынғы әлеуетті экспорттық кіріс $3,1 млрд құрауы мүмкін. Одан бөлек, деректер орталықтарының 20 жылға есептелген бүкіл қызмет ету мерзімі ішінде елімізге құйылатын инвестициялардың жиынтық көлемі $115 млрд-қа бағаланып отыр.

Жобаның бірінші кезеңінде жалпы қуаты 304 МВт болатын үш деректерді өңдеу орталығын құру қарастырылған.

«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин осы жылдың тамыз айынан бергі жұмыс барысы туралы баяндады. Атап айтқанда, қуаты 68 МВт болатын бірінші деректерді өңдеу орталығының құрылыс алаңында нысандардың іргетасын қалау, инфрақұрылым нысандары мен әкімшілік ғимараттар салу жұмыстары басталған. Бірінші орталықты 2027 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар қуаты 164 МВт болатын екінші Firebird AI деректер орталығын құру жұмыстары да жүргізілуде. Қазіргі кезеңде қазаншұңқыр қазу жұмыстарының 70%-ы аяқталған. Кампусты дамыту кезінде есептеу қуаттарын кезең-кезеңімен одан ары арттыру және энергетикалық инфрақұрылым салу көзделген. Жұмыстарды аяқтап, орталықты іске қосу 2027 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған.

Сондай-ақ қуаттылығы 72 МВт болатын үшінші деректер орталығының да құрылысы салынбақ, ол 2027 жылдың төртінші тоқсанында іске қосылады.

«ДӨО алқабы» жобасының екінші кезеңін жүзеге асыру үшін Gaw Capital, Boosteroid және Firebird компанияларымен қуаты 480 МВт болатын есептеу қуаттарын орналастыру жөнінде алдын ала келісімдерге қол қойылды. Оны 620 МВт-қа дейін арттыру мүмкіндігі бар. Қуаты 240 МВт болатын қосымша есептеу қуаттарын орналастыру және оны 420 МВт-қа дейін ұлғайту мүмкіндігі бойынша да Aleria, Energy Capital Global және China Energy компанияларымен келіссөздер жүргізілуде. 2029 жылға қарай «Деректерді өңдеу орталықтары алқабының» жалпы қуатын 1 ГВт-қа жеткізу жоспарланып отыр.

Жобаны қажетті энергетикалық қуаттармен және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері бойынша энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов баяндады.

Сонымен қатар үшінші суперкомпьютерлік кластерді құру жобасын жүзеге асыру барысы талқыланды.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» экономиканың дамуы үшін, әсіресе Президент жариялаған Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылында өсіп келе жатқан қажеттіліктерді ескере отырып, маңызды мәнге ие екенін атап өтті. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп орталықтарды белгіленген мерзімде уақтылы жүзеге асыру және іске қосу тапсырылды.