Цифрлық теңгемен төлем қалай жасалады

0
715

Цифрлық теңгенің тағы бір артықшылығы - интернетсіз төлем жасау.


Цифрлық теңгемен төлем қалай жасалады

ERNUR.KZ. Қазақстанның ұлттық төлем корпорациясының төрағасы Бинұр Жәленов цифрлық теңгені қолдану тәртібін түсіндірді, деп жазады sputnik.kz.

Цифрлық теңге – ұлттық валютасының үшінші түрі. Оны қолма-қол және қолма-қол емес ақшамен бірдей қолдана беруге болады, құны да бірдей. Цифрлық теңгені Ұлттық банк шығарады және оның қауіпсіздігіне кепілдік береді.
“Адамдар мобильді қосымшалар, банк карталары, NFC, QR және тағы басқа қызметтер арқылы шоттар аша алады, төлей алады, аудара алады және цифрлық теңгемен өзге де операциялар жасай алады. Мысалы, мен жалақымды цифрлық теңгемен алып жүрмін”, - деді Жәленов бүгінгі брифингте.
Цифрлық теңгенің тағы бір артықшылығы - интернетсіз төлем жасау.
“Мысалы, менің телефонымда цифрлық теңге болса, мен оны басқа адамның ұялы телефонына тигізіп, ақшаны аудара аламын. Ол үшін арнайы аппараттың қажеті жоқ”,- деп атап көрсетті корпорация басшысы.
Бірақ интернетсіз транзакциялардың саны шектеулі, 15 аударымнан кейін желіге қосылып, верификация жасау керек.
Бұдан бөлек, цифрлық теңге мемлекеттік қаржыны жұмсаудың тиімділігі мен ашықтығын арттыруда маңызды құрал бола алады. Цифрлық теңгедегі бюджет қаражатын мақсатты пайдалану үшін таңбалауға мүмкіндік бар. Ал мақсаты бойынша жұмсалғаннан кейін бұл таңбалау жоғалады. Осылайша, бюджеттік шығыстарды бақылауға болады.
Биыл қараша айында екінші деңгейлі банктермен және басқа серіктестермен бірлесіп цифрлық теңге платформасының бірінші кезеңі іске қосылды. 2025 жылдың соңына дейін оны толығымен енгізу жоспарланып отыр.
“Биыл цифрлық теңге бөлшек айналымға енгізілді. 2024 жылы офлайн-төлемдер мен инновациялық сервистерге назар аудара отырып, серіктес банктермен бірге жоба аясын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Ал 2025 жылы нарықтың барлық қатысушыларын қосуды және трансшекаралық есептеулерде цифрлық теңгені пайдалануды жоспарлап отырмыз”,- дейді Жәленов.