"Қайынсіңлім келіп мен жуған ыдыстарды тексеріп, иіскелеп, артынан тағы жуып жүреді"

0
207

"Қайынағам "Келін түнімен ұйқы бермеді" деп айтыпты, ұят-ай..."


Сурет: i.pinimg.com

"Түнімен бала қарап ұйқысы қанбайтын ана болса бір сәрі. Еркек басымен осылай шағымданғанына таң қалдым" дейді қайнағасына ренжіп қалған жас келін.

Өзінің жаңа отбасына назын жеткізе алмаған ол ERNUR.KZ порталының оқырмандарын сырласындай көретінін білдіріп, ойын бөлісіпті.


"Жаңа түскен келіндерге айтарым: «енем ерте тұр, шай бер деп талап етпейді, түске дейін ұйықтасам да ұрыспайды, тиіспейді» деп ерте қуанбаңыздар. Олар ішіне жинап, бір бармағын бүгін жүреді екен де, бір ұрсып қалғанда соның бәрін бетіңе басады екен. Барлық енелер сондай емес шығар мүмкін. Менікі сөйтті бірақ.

Келін боп түскен кезде, беташардың ертеңінде бәрінен бұрын тұрып, ас бөлмеге кіріп кеттім. Ниетім – таңғы шайға тәттілер пісіріп, үйдегілерді қуанту, алғыстарын алу еді. Сөйтсем қайынағам «Келін таң атпай тақырлатып не істеді? Ұйқы бермеді» депті. Ұят-ай... Түнімен бала қарап ұйқысы қанбайтын ана болса бір сәрі. Еркек басымен осылай шағымданғанына таң қалдым.

Оны енем маған айтып келді. «Атаң өзі ерте тұрып жұмысына кетіп қалады. Басқамыз асықпай, сегізден өте оянамыз. Оған дейін сен де тұрмай-ақ қой. Қайнағаң жұмыстан түннің бір уағында келіп, шаршап ұйықтайды, мазасын алмайық» деді. Ыңғайсызданып қалдым. Бір жағынан қуандым да. "Ерте тұрма, тағы бір-екі сағат ұйықтап ал" десе, кім қуанбасын?

Бірақ кейін бір ұрысқанда сол ұйқының бәрін желкемнен шығарды ғой. «Ешқашан ерте тұрып бір шәйнек шай бермеген, сыйлауды білмейтін, ұйқыбас, жалқау келін» атандырды. Ондай кезде өзінің рұқсат бергені, түскі ас пен кешкі ас есептелмейді екен.

Қайынсіңлім кейде келіп мен жуған ыдыстарды тексеріп, иіскелеп, артынан тағы жуып жүретін. Одан қалса, жерде бірдеңе жатса, баламның ойыншықтары шашылса, соны айтып, аһылап-уһілеп, зарлап жүріп жинайды. «Тиіспей-ақ қой, қазір тамақ істеп болайын, сосын өзім жинаймын» десем де, оған құлақ аспайды. «Баланы туғанды біледі, артын неге жинамайды» деп бұрқылдап сөйлеп жүреді.

Шашылып жатқанына ай-апта болған жоқ қой негізі. Күндегісін күнде үйді жинаймын. Арасында басқа тірліктерді бітіріп алайын дегенде бір-екі сағатқа қалып қояды. Бары сол ғой. ілік іздеймін деген адам табады екен. Ыдысты таза жуа алмаймын, үй жинамаймын, түк істей алмаймын, шешем дым үйретпеген... Көңілі толмайтыны көп әйтеуір.

Түсінгенім, жақтырмаймын деген енеге не істесең де жақпайды екенсің. «Күйеуімнің көңілі үшін мамасын құрметтейін, барлық сөзін көтерейін» деп қанша тырыссам да, жүйкем жұқарып барады."