Алдыңғы екі аптамен салыстырғанда сырқаттану 1,9 есе өскен.
ERNUR.KZ. Елдің бірнеше өңірінде коронавирус инфекциясынан өлім-жітім көбеюі мүмкін, деп жазады Tengrinews.kz.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК-тың бүгінгі отырысында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, барлық өңірде сырқаттану жағдайлары көбейіп барады. Алдыңғы екі аптамен салыстырғанда сырқаттану 1,9 есе өскен. Денсаулық сақтау жүйесі өткен жылмен салыстырғанда екі есе жүктемемен жұмыс істейді. Осыған байланысты ВАК карантин режимін күшейту жөніндегі бірқатар шараларды қарады.
"Барлық өңірде сырқаттанушылықтың өсуі жалғасып жатыр. Алдыңғы екі аптамен салыстырғанда сырқаттану 1,9 есе өсті, ең көп сырқаттану Солтүстік Қазақстан облысында - 3,5 есеге, Қызылорда облысында - 3 есеге, Ақтөбе облысында - 2,9 есеге, Түркістан облысында және Шымкент қаласында - 2,5 есеге өсуі байқалады", - деді Цой.
Маусым айымен салыстырғанда тәуліктегі орташа сырқаттану 5,2 есе өскен. Жалпы республика бойынша өлім жағдайларының саны 2 аптаның ішінде 1,8 есеге, оның ішінде Ақтөбе облысында 8,5 есеге, Шымкент қаласында және Атырау облысында 2,8 есеге артқан.
Биылғы 26 шілдедегі жағдай бойынша 1 шілдемен салыстырғанда елде инфекциялық және реанимациялық төсек-орнының 3 есе ұлғайғаны байқалыпты. Осыған байланысты елімізде төсек-орын қоры 1,4 есеге артқан.
Министрдің айтуынша, бұл кезеңде инфекциялық және реанимациялық төсек-орынның ең көп толтырылуы Алматы, Шымкент қалалары, Ақтөбе, Түркістан және Қызылорда облыстарында байқалған. Төсек қорының күнделікті мониторингіне сәйкес, өңірлерде 26 шілдедегі жағдай бойынша республикада инфекциялық төсек-орындардың толуы 55 пайыз, реанимациялық төсек-орындар 43 пайыз болған.
Инфекциялық төсек-орындарының ең көп толтырылуы Ақтөбе облысында - 73 пайыз, Қызылорда облысында - 73 пайыз, Нұр-Сұлтан қаласында - 76 пайыз және Шымкент қаласында - 81 пайыз, реанимациялық төсек-орындарының ең көп толтырылуы Ақмола облысында - 69 пайыз, Нұр-Сұлтан қаласында - 84 пайыз және Шымкент қаласында - 63 пайыз.
"Қазіргі уақытта денсаулық сақтау жүйесі өткен жылмен салыстырғанда екі есе жүктемемен жұмыс істеп жатыр. Былтыр сырқаттану 3 348 жағдайға жетсе, биылғы шілдеде сырқаттану жағдайларының өсуі 2 еседен астам болған. Сондай-ақ, емделіп жатқан пациенттер саны 2 есеге артты. Бірқатар өңірде инфекциялық және реанимациялық төсек-орын тапшылығы болуы мүмкін, бұл республика халқы арасында өлімнің күрт өсуіне әкелуі мүмкін. Тәуекел аймағында Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе, Ақмола және Қызылорда облыстары бар", - деді Цой.
Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы КВИ диагнозын қою үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмектің, мобильді бригадалардың, ПТР-зертханалардың, КТ және рентген диагностикасының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, сондай-ақ КВИ диагностикасы мен емдеудің клиникалық хаттамасына сәйкес дәрілік препараттармен уақтылы амбулаториялық қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау керегін атап өтті.
Сондай-ақ, Цой қолданылып отырған карантин шараларына қарамастан, бірқатар өңірде көп адам баратын және карантинді өрескел бұзу фактілері анықталған салтанатты іс-шараларды өткізу жалғасып жатқанына назар аударды. Осыған байланысты ол жергілікті атқарушы органдарға мониторинг топтарының жұмысын күшейтуді тапсыруды сұрады.
КВИ жұқтыру мен одан болатын өлімнің тұрақты өсуін ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігібиылғы 2 тамыздан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау және Қарағанды қалаларында қосымша шаралар қабылдауды ұсынды. Оның ішінде, орталық мемлекеттік органдарды, әкімдіктерді, құқық қорғау органдарын, денсаулық сақтау ұйымдарын, БАҚ-ты, азық-түлік дүкендерін, дәріханаларды және тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарын қоспағанда, меншік нысанына қарамастан, Ashyq-қа қатыспайтын барлық кәсіпорын мен ұйымдардың қызметін тоқтата тұруды ұсынды.
Ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, естелік іс-шараларды өткізуге тыйым салуды ұсынды. Мемлекеттік органдар қызметкерлерінің 80 пайызы үшін қашықтықтан жұмыс істеу нысанын сақтауды ұсынды.
Ashyq-қа қатысатын жобалар үшін қызметті 20-00 сағатқа дейін, Ashyq көшбасшылары үшін қызметті 22.00-ге дейін шектеу ұсынылды. Бұл ретте, құқықбұзушыларға қойылатын талаптарды күшейту: чекин кезінде 0-ден 20-ға дейін 1 айға алдын ала ескертусіз, құқықбұзушылыққа қайта жол берсе - 2 айға жобадан шығару ұсынылды.