Қазақстанда болашақ инженер-химиктер үшін 2027 жылғы ҰБТ-да "Химия – Физика" комбинациясы қалдырылатын болды.
Фото: instagram.com/testcenterkz
ERNUR.KZ. Бұған дейін бұл пәндерді "Химия – Биологияға" ауыстыру жоспарланған еді, алайда түлектер мен ата-аналар бұған қарсы шықты. Олардың көптеген өтінішінен кейін Ұлттық тестілеу орталығы шешімін өзгертті, деп жазады tengrinews.kz.
Шағымдардан кейін қандай шешім қабылданды?
Ұлттық тестілеу орталығы (ҰТО) 2027 жылы түлектер ҰБТ-да мына пәндердің бірін таңдай алатынын мәлімдеді:
- "Химия – Физика";
- "Химия – Биология".
Бұл B060 "Химиялық инженерия және процестер" мамандықтар тобына түсуді жоспарлап отырған талапкерлерге қатысты.
Осылайша, физикаға дайындалып жүрген түлектерге биологияны шұғыл оқудың қажеті болмайды.
"Мұндай шешім талапкерлердің өтініштерін ескере отырып қабылданды және өтпелі кезеңді қарастырады. Осы уақыт ішінде түсушілер өз қалауы мен оқуға түсу жоспарларына байланысты комбинацияның екі нұсқасының бірін өз бетінше таңдай алады", – деп хабарлады ҰТО.
Дегенмен, орталық физиканы биологиямен алмастыру идеясынан түпкілікті бас тартқан жоқ. "Химия – Биология" комбинациясына толық көшу 2028 жылғы ҰБТ-дан бастап жоспарланып отыр.
Оқушылар неге наразы болды?
Еске сала кетейік, бұған дейін түлектер мен олардың ата-аналары 2027 жылғы ҰБТ-дан "Химия – Физика" комбинациясын алып тастау жоспарына қарсы шыққан болатын..
Көптеген оқушы бұл пәндерге 10-сыныптан бастап дайындалып, курстарға қатысып, репетиторлармен дайындалған. Олардың айтуынша, физиканың биологиямен ауысуы мүмкін екенін емтиханға санаулы айлар қалғанда ғана білген.
"Менің қарындасым 10-сыныптан бері осы екі пән бойынша арнайы курстарға барады. Екі жыл бойы білімін шыңдауға күш-жігері мен еңбегін жұмсады. Енді ол не істеуі керек?" – деп жазды желі қолданушысы.
Сонымен қатар түлектер болашақ инженер-химиктерге, әсіресе мұнай-химия саласында физика қажет екенін атап өтті.
Неге физиканы ауыстыру туралы шешім қабылданды?
ҰТО түсіндіруінше, физиканы биологиямен алмастыруды Республикалық оқу-әдістемелік кеңес пен жұмыс беруші кәсіпорындар ұсынған.
"Бастапқыда "Химия – Биология" комбинациясына көшуді Республикалық оқу-әдістемелік кеңес пен бейінді жұмыс беруші кәсіпорындар бастап, ұсыныс тастаған болатын. Бұл өзгеріс талапкерлердің мүмкіндіктерін кеңейтуге және саладағы кадр тапшылығын шешуге бағытталған", – деп түсіндірді ҰТО-дағылар.
Орталықтың мәліметінше, "Химия – Биология" комбинациясымен түлектер білім берудің төрт саласы бойынша 18 мамандыққа грантқа үміткер бола алады. Ал "Химия – Физика" пәндерімен, ҰТО-ның мәлімдеуінше, мұндай мүмкіндік тек бір мамандық бойынша ғана болған.


