Түркістан облысында 300-ден астам білім беру ұйымында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

0
406

Демографиясы жоғары Түркістан облысында мектеп тапшылығын жою бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр.


Түркістан облысында 300-ден астам білім беру ұйымында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен және қолдауымен аймақтағы күрделі және ағымдағы жөндеуді қажет ететін білім ұяларының, жаңа мектептер қажет елді мекендердің тізімі әзірленіп, мәселені шешу бойынша нақты шаралар қолға алынған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

2024 жылы облыста балабақша, мектеп, колледж, лагерь жалпы 300-ден аса білім беру ұйымында жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Бұндай ауқымды жұмыс өңір тарихында болмаған.

Еліміз бойынша білім нысаны ең көп салынып жатқан өңір – Түркістан. Бүгінде жергілікті бюджеттен 20 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 13-і пайдалануға беріледі. 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» жобасы аясында 63 мектеп салу көзделген. Оның ішінде 29-ы биыл тапсырылады деп жоспарланған. Мектеп салу бағытындағы жұмыс жалғасады.
Өңірде тозығы жеткен білім ұялары көп. Талай жыл бойы қордаланған бұл мәселені шешу бағытында жүйелі жоспар жасалған. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, биыл 300-ден аса білім беру ұйымында жөндеу жұмысын жүргізу және мектептер салу арқылы апатты деп танылған мектептердің 60%-ның мәселесі шешіледі. Бұл ретте үнемделген қаржы есебінен де көптеген жоба жүзеге асып жатқанын айта кеткен жөн.
– Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен білім саласында инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда 22 мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Құрылысқа «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы және облыстық бюджеттен жалпы қаржы қаралған. 5 мектеп 1 қыркүйекте ел игілігіне тапсырылып, оқушыларды қабылдауы керек. 200-дей білім ұйымы ағымдағы жөндеуден өтуде. Ғимараттардың құрылыс сапасы қатаң бақылауда. Бұл мақсатқа 10 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. 106 мектептің жылу қазандықтарын газ жүйесіне ауыстыруға 2,1 млрд теңге бағытталды. Осы жұмыстар арқылы 300-ден аса білім беру ұйымының мәселесі шешімін табады, – дейді Бейсенбай Тәжібаев.
Түркістан облысында 520 мыңға жуық оқушы білім алады. Мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамту үшін 5200-дей жаңа орын ашу жоспарланып отыр. Жаңа оқу жылында жобамен 52 мыңнан астам бала 1-сыныпқа қабылданады. 912 мемлекеттік мектептегі бастауыш сыныбындағы 224 мыңнан астам бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Тасымалдау мәселесіне келсек, 17 мыңнан аса бала арнайы автобустармен қатынайды. Педагог кадрларды қалыптастыру жайы да маңызды. Өткен жылы облыс ұстаздары шетелдерде және еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында мұғалімдер біліктілігін көтерді. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мектептердің инфрақұрылымын жақсарту, педагог білімін көтеру жөніндегі тапсырмалары орындалуда. Сонымен бірге білім мекемелерін басқаруға іріктелген кадрлық резерв жасақтау бағытында да жұмыс жүргізіледі.