Облыс басшылығы құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақтылы орындалуын тұрақты түрде бақылауға алған.
Қазіргі уақытта Қазақстанның мемлекеттік саясатының басым бір бағыты тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі. Осыған байланысты әрбір өңірде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның ішінде құрылғанына биыл жеті жыл толатын Түркістан облысында тұрғы үймен қамту жұмыстары жыл сайын қарқынды жүргізіліп келеді. Мәселен, былтырғы жылдың алғашқы 9 айында ел көлемінде жалпы көлемі 12,4 миллион шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер пайдалануға берілсе, ең жоғары көрсеткіштерге Солтүстік Қазақстан облысы, Түркістан облысы мен Шымкент қаласы қол жеткізген. Тиісінше 2024 жылдың желтоқсанындағы дерекке сәйкес, Түркістан өңірінде құрылысқа салынған қаржы 380 миллиард теңгеге жуықтап, 1 миллион шаршы метрден астап баспана ел игілігіне беріліпті. Осы ретте өңірдегі баспаналар тек облыс орталығында ғана емес, барлық аудан, қалаларда да салынып жатқанын айта кету керек. Соның арқасынды былтыр тұрғынүй кезегінде тұрған үш мыңнан аса азамат баспаналы болған. Өңірде бұл бағыттағы жұмыстар 2025 жылы да қарқынын бәсеңдетпек емес. Бұл жайында жыл басында облыс әкімінің қатысуымен өткен жиында да айтылды. Сонымен қатар, облыс басшылығы құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақтылы орындалуын тұрақты түрде бақылауға алған.
Өз кезегінде Нұралхан Көшеров сәт сайын тұрғынүй саласын жандандыруды және тұрғынүй кезегіндегі заңсыз әрекеттердің алдын алуды пысқтап келеді. Мемлекет қаржысын мақсатты пайдаланып, тұрғынүйлердің қасбетін реттеу мәселесі де назардан тыс қалмауда.
Облыс әкімдігі таратқан ресми ақпаратқа сүйенсек, қазіргі уақытта өңірдегі 67 мыңнан аса азамат баспана кезегіне тіркелген. Сондай-аұ, түгендеу жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде баспанаға мұқтаж деп саналмайтын 17 мыңнан аса адам кезектен алынған. Жалпы, облыс құрылғалы бері кезектегі сегіз мыңға жуық азамат әлеуметтік баспанаға қол жеткізсе, 11 мыңнан аса тұрғын ипотекалық әдіспен пәтер алған екен. Ал биыл тағы да 1 миллион шаршы метрден астам баспананы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Өңірдегі жергілікті атқарушы органдар баспанамен қамтудың өзге де тетіктерін қарастырған. Мәселен, 2024 жылы азаматтардың тұрғынүй алуына мемлекет тарапынан 10 пайыздық жарнаны төлеу үшін 40 млн 500 мың теңге бөлінген. Сонымен қатар, арнайы әлеуметтік санаттарға жататын азаматтардың баспана жалдау ақысының жартысын өтеу үшін субсидия беріледі. Қазіргі уақытта мұндай субсидияны 2000-нан аса түркістандық алып келеді.
Түркістан өңіріндегі тұрғынүй саласына қатысты тағы бір жағымды жаңалық – азаматтардың мемлекет тарапынан берілген жалдамалы пәтерлерді өз аттарына аудара алуы. Бұл жайында жыл басында қала әкімдігінде өткен жиында мәлім болды.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, биыл осы санатқа жататын баспаналарды жекешелендіру қағидасына түзетулер енгізілген. Өзгеріске сәйкес, ендігі кезекте бірнеше санатқа жататын азаматтар өздері тұратын арендалық үйлерді өтеусіз жекешелендіре алады. Олар – екінші дүниежүзіліс соғыс ардагерлері, I және II топтағы мүмкіндігі шектеулілер, Чернобыль, Семей сынды ядролық оқиғалардан, Арал қасіретінен зардап шеккендер, әскери сала мен арнайы құзіретті мекемелердің қызметшілері, саяси қуғын-сүргін құрбандары мен ғарышкерлер. Ал, бұл санаттарға жатпайтын, бірақ арендалық пәтер алған азаматтар баспананың алғашқы жарнасын төлеп, қалған қарызды он жыл ішінде бөліп төлей алады. Одан бөлек, биылғы жылдың 24 мамырынан бастап соңғы бес жыл ішінде атында үй болмаған кез келген азамат тұрғынүй кезегіне тіркеле алатын болды.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта 17 мыңға жуық шаһар тұрғыны үй кезегінде тұр. Былтыр солардың мыңға жуығы баспаналы болған. Биыл да мыңға тарта пәтері бар оннан аса тұрғын үй пайдалануға берілмек.
Бүгінде өңірде тұрғындарға баспана беру жұмыстары басталып та кетті. Атап айтқанда, Нааурыз мейрамы қарсаңында Төлеби ауданындағы 120 пәтері бар тұрғынүй ел игілігіне тапсырылды. Бұл құрылыстың жалпы құны 2,1 миллиард теңгені құрайды. Ауданда жыл соңына дейін тағы 150-ден аса пәтер пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, дәл осы мереке күндері облыс орталығындағы «Жібек жолы» тұрғынүй кешенінен кезекте тұрған 350-ге жуық отбасыға баспана кілті табысталды. Халқы өте тығыз орналасқан Жетісайда да Әз Наурыз қарсаңында алпыстан аса отбасы қоныс тойын тойлады. Пайдалануға берілген 6 тұрғын үй кешені жеке инвестор есебінен салынған. Екі және үш бөлмелі пәтерлер әлеуметтік санаттарға жататын азаматтарға және мемлекеттік, бюджеттік мекемелерде қызмет ететін жұмысшыларға тапсырылды. Сауран ауданының орталығы Шорнақ елдімекенінде де 24 пәтердің кілті табысталды. Ал былтыр ауданда 16 отбасы баспаналы болған. Сарыағашта да 140 жанұя Наурыз мейрамымен қатар қоныс тойын тойлады. Ал Ордабасы ауданының орталығы Темірландағы жаңа Самал мөлтекауданында 80-нен аса азамтқа пәтер кілті табысталды.
Жалпы, биыл өңір бюджетіне 578 баспана сатып алу үшін 7,7 миллиард теңге бөлінген. Демек 2025 жылы да мыңдаған түркістандық баспаналы болады деген сөз.
Б.Мейірханұлы,