Жалпыұлттық жоба Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және облыстық әкімдікпен бірлесіп, жүзеге асуда.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанындағы «Ботаника бағында» өткен ағаш егу шарасына шетелдік БАҚ өкілдері қатысты. Олар елімізде бастау алған «Таза табиғат» экологиялық жобасы аясында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге Ясауи кесенінің айналасына ағаш отырғызды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Осылайша Мемлекет басшысының орман алқаптарында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу туралы тапсырмасын орындауға старт берілді. Шетелдік журналистер экологиялық жобаға атсалысып, облыс әкімінен сұхбат алды. Жалпыұлттық жоба Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және облыстық әкімдікпен бірлесіп, жүзеге асуда.
«Ислам бағы деген түсінік бар. Ислам бағы – жұмақ бағы. Мұндай үлкен кесенелердің төңірегінде бау-бақша, көгалдандыру ааймақтары болу керек. Осыған байланысты арнайы жоба жасап, сондай Ислам бағын жасап жатырмыз. Жергілікті климатқа жарайтын ең әдемі, ең шырайлы талдарды алып келіп, егіп жатырмыз. Бұл талдар жыл он екі ай бойы гүлдеп тұратын болады. 7 гектар жерге, Ясауи кесенесінің төңірегінде осындай бау жасауды ұйғардық. Бір жылдың ішінде бітірдік. Дәл қазір ең соңғы ағашты отырғыздық», - деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркітілдес елдерінің тілшілеріне берген сұхбатында.
Түркістан облысының инвестициялық-туристік мүмкіндігі туралы хабар таратуды артту мақсатында шетелдік БАҚ өкілдеріне арналған «TURKISTAN MEDIA FORUM: INVESTMENT AND TOURISM OPPORTUNITIES» атты роуд-шоу ұйымдастырылды. Оған Әзербайжан, Башқұртстан, Қырғызстан, Мажарстан, Өзбекстан, Саха, Тәжікстан, Түркия елдерінен келген түрлі баспа және электронды БАҚ өкілдері қатысты. Роуд-шоуға қатысушылар үшін 20-22 наурыз аралығында баспасөз турлары жоспарланған. Олар қасиетті Түркістан топырағындағы тарихи-мәдени мұраларды аралайды. Түркітілдес елдерінің тілшілері үшін Арыстан баб кесенесі, Отырар қалашығы, Отырар ауданы орталығы, Қожа Ахмет Ясауи сәулет кешені бойынша экскурсия, Ақмешіт үңгірі мен Кемеқалған монументіне бару және басқа да іс-шаралар жоспарланған.