ҰБТ қашан басталатыны белгілі болды

0
812

Бірінші күні тек 6,5 мың талапкер емтихан тапсырады.


ҰБТ қашан басталатыны белгілі болды

иллюстрациялық фото

Биыл елімізде ұлттық бірыңғай тестілеу 21 маусым күні басталады, деп хабарлайды ERNUR.KZ білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Биыл ҰБТ-ның алғашқы күні 21 маусымға, жексенбіге түсіп отыр. Бірінші күні тек 6,5 мың талапкер емтихан тапсырады, бұл тестілеудегі ең аз ағындардың бірі. ҰБТ-ның алғашқы күні 161 пунктің 51-і ғана жұмыс істейді. Оның 44-і ауылдық жерлерде орналасқан. Орташа есеппен 1 ҰБТ тапсыру пунктіне 120 адамнан келеді", - делінген хабарламада.

21 маусым мен 5 шілде аралығында тестілеу тапсырылатын ағындардың жалпы саны - 15.

ҰБТ өткізілетін әрбір пункте медициналық-санитарлық сипаттағы күшейтілген шаралар қабылданады:

  • дезинфекциялық тоннельден өту,
  • арнайы дезинфекцияланған кілемшеде аяқ киімдерді зарарсыздандыру,
  • дене қызуын өлшеу, қолды зарарсыздандыру сұйықтығымен өңдеу,
  • медициналық маскалар беру.

Тестілеуге кіргізу және отырғызу кезінде тест тапсырушылар арасындағы арақашықтықтың кемінде 2 метр болуы қамтамасыз етіледі, әрі әрбір аудитория бактерицидтік құралдармен және ауа рециркуляторларымен кезең-кезеңімен желдетіліп өңделеді.

"Санитарлық талаптар қатаң сақталады. Сондықтан аудиторияны тек 50 пайызға дейін толтыруға болады. Сәйкесінше, жобалық қуаттылық ҰБТ-ны 6 күннің ішінде өткізуге мүмкіндік бергенімен, шағын ағындарды жинақтау үшін тестілеу 15 күннің ішінде жүргізіледі", - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, биыл тест тапсырушыларға алғаш рет калькулятор пайдалануға рұқсат берілді және тестілеу уақыты 4 сағатқа дейін ұзартылып, түлектер мемлекеттік емтиханнан босатылды.