Орталық директоры ереже бұзған талапкерлерге биыл гранттан үміттенбеуіне болатынын айтты.
ERNUR.KZ. ҰБТ нәтижесі жойылған және тестілеуге кіргізілмеген талапкерлер тамызда тест тапсырса да, грантқа таласа алмайды. Бұл жайында Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
«Биылғы өзгеріс бойынша талапкер ҰБТ-ның бірінші мүмкіндігінде ереже бұзса, екінші мүмкіндігін пайдалана алады. Былтыр бұл тұрғыда тәртіп қатаң болатын. Ереже бұзды ма, автоматты түрде екінші мүмкіндіктен айырылған.
Ал бір ғана мүмкіндікке тіркеліп, тест нәтижесі жойылған балалар тамыз айындағы ақылы ҰБТ-ға қатыса алады. Бұл оларға шекті балл жинай алған жағдайда жоғары оқу орнында ақылы негізде білім алуға мүмкіндік береді. Негізгі ҰБТ кезінде нәтижесі жойылған талапкерлер қаңтар мен наурыз ҰБТ-сында тест тапсырған болса, сол сертификатты көрсетіп, ақылы негізде оқи алады», - деп түсіндірді ол.
Орталық директоры ереже бұзған талапкерлерге биыл гранттан үміттенбеуіне болатынын айтты.
«Біз айтып отырған 700-ден астам адам тамызда ақылы ҰБТ тапсыра алады. Бірақ ақылы бөлімге ғана үміттене алады. Себебі грантқа тек жазғы ҰБТ сертифкаты ғана жарамды», - деді Руслан Емелбаев.