УЕФА Суперкубогы үшін "Астана Аренаға" табиғи көгал төселеді

0
92

Бұл – Қазақстан үшін ауқымды әрі маңызды оқиға.


УЕФА Суперкубогы үшін

Фото: Tengrinews.kz / Турар Казангапов

ERNUR.KZ. Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Скотт Манн 2028 жылғы УЕФА Суперкубогының "Астана Аренада" өтуі ел футболы үшін үлкен мүмкіндік екенін айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Оның сөзінше, Қазақстанның беделді матчты қабылдауы үшін бірнеше жыл бойы жүйелі жұмыс жүргізілген. Бастаманы ҚФФ президенті қолдап, федерацияның халықаралық департаменті УЕФА-мен тығыз байланыста жұмыс істеген.

"Бұл – Қазақстан үшін ауқымды әрі маңызды оқиға. Елімізде әлемнің ең үздік клубтары қатысатын жоғары деңгейдегі матчты тамашауға мүмкіндік туады", – деді Скотт Манн.

ҚФФ бас хатшысы УЕФА Суперкубогы ел экономикасы мен туризмінің дамуына да серпін беретінін атап өтті. Матчты көру үшін Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен жанкүйерлер мен қонақтар келеді. Бұл қонақүйлер, мейрамханалар және туристік қызметтерге деген сұранысты арттырмақ.

Сонымен қатар жарыс Қазақстанды халықаралық футбол қауымдастығына кеңінен танытуға жол ашады. Скотт Манның пікірінше, мұндай ірі шаралар еліміздің әлемдік футбол картасындағы орнын нығайтып, ұйымдастырушылық әлеуетін көрсетуге мүмкіндік береді.

УЕФА-ның басты талаптарының бірі – матчты табиғи алаңда өткізу. Осыған байланысты "Астана Аренадағы" жасанды төсеніш табиғи көгалға ауыстырылады. Стадионның медиа, корпоративтік және техникалық инфрақұрылымы да халықаралық талаптарға сай дайындалмақ.

"Астана Арена" әлемнің үздік стадиондарымен бәсекелесе алады. Енді барлығымызды керемет футбол кеші күтіп тұр", – деді ҚФФ бас хатшысы.

Скотт Манн Қазақстанның алдағы уақытта басқа да ірі халықаралық турнирлерді қабылдауға мүмкіндігі бар екенін жеткізді. Оның айтуынша, 2027 жылдың сәуірінде елімізде УЕФА Конгресінің өтуі де Қазақстанның әлемдік футбол кеңістігіндегі беделін арттыра түседі.

2028 жылғы УЕФА Суперкубогында Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының жеңімпаздары кездеседі.