Куәгер ештеңені есіне түсіре алмады.
Фото: скриншот
ERNUR.KZ. Астанадағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сотта көппәтерлі үйдің 2018 жылы тексерілгені туралы құжаттар қаралды. Сотта тексеруге қатысы бар Жаслан Мырзахметов куәлік берді. Ол арада сегіз жыл өтіп кеткен соң, жұмыстың қалай жүргізілгенін есіне түсіре алмады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Мырзахметов тексерудің құжаттарда тіркелгенін растады. Алайда одан сол кезде қандай жұмыстар атқарылғаны сұралғанда, нақты жауап бере алмады.
«Құрметті сот, сол кезде нақты нені тексергенімді есіме түсіре алмай тұрмын», – деді куәгер.
Сотта ұсынылған құжаттардың бірінде конструкциялар мен инженерлік жабдықтардың техникалық жағдайын жоспарлы тексеруге байланысты талаптың бұзылғаны көрсетілген. Акт бойынша бұзушылық «елеусіз» деп бағаланған.
Қорғау тарапы осы қорытындының қалай жасалғанын және тексеру барысында ғимараттың қандай бөліктері қаралғанын сұрады. Куәгер мұндай тексерулер кезінде визуалды бақылау жүргізіліп, инженерлік желілердің жағдайын растайтын құжаттар қаралуы мүмкін екенін түсіндірді. Алайда дәл осы нысанда қандай жұмыстар орындалғанын нақтылай алмады.
Мырзахметов фасадтың тексерілгенін және нұсқама берілгенін де нақты айта алмады.
Бұған дейін сотта осы үйдің тұрғындары нысанның құрылыс сапасына бірнеше рет шағымданғанын айтқан. Тәуелсіз сарапшы Вероника Лобаева да тұрғын үйдегі құрылыс жұмыстары кезінде талаптардың бұзылғанын мәлімдеді. Ал тұрғын үй басшысы Сәуле Жұбаниязова ғимаратты жөндеуге шамамен 600 млн теңге қажет екенін жеткізді.
Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің қасбеті құлап, бірнеше адам зардап шеккен кезде оқиға орнына жедел жәрдем фельдшері ретінде барған. Зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатқан сәтте оның үстіне құрылыс бөлшектері құлап, алған жарақатынан көз жұмды. Осы іске байланысты тұрғын үйдегі мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты сот процесі өтіп жатыр.


