Үкімет дәрілік заттарды цифрлық таңбалау тарифін бекітті

0
583

Дәрілік заттарды таңбалауға бақылау таңбасының шекті құны анықталды.


Үкімет дәрілік заттарды цифрлық таңбалау тарифін бекітті

ERNUR.KZ. Премьер-Министр дәрілік заттарды таңбалау тарифін 2,4 теңге мөлшерінде белгілеу туралы қаулыға қол қойды, деп жазады inbusiness.kz.

2022 жылғы 15 шілдеде Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында үкімет бақылау (идентификациялау) таңбасының, дәрілік заттарды таңбалау кезінде қолданылатын идентификациялау құралдарының ұсынылған шекті құнын қолдады. Дәрі әлеуметтік маңызы бар өнім болғандықтан, оған ең төменгі тарифтік мөлшерлемені белгілеу туралы шешім қабылданды.

"1. Дәрілік заттарды таңбалауда қолданылатын бақылау (сәйкестендіру) белгісі, сәйкестендіру құралдары құнының шекті мөлшері қосылған құн салығынсыз бір бірлік үшін 2,40 теңге мөлшерінде айқындалсын.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
* Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 18 шілдедегі №498 Қаулысы."

Дәрі-дәрмектің цифрлық таңбалануы азаматтарды контрафактілік дәрілерден қорғайды, кәсіпкерлерге бәсекелестік жағдайды теңестіруге, нарықты заңсыз өнімдерден қорғауға және зияткерлік меншік құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Мемлекет үшін тауар топтарын цифрлық таңбалау көлеңкелі экономика көлемін азайтып, бюджетке түсетін салық түсімдерін арттырады.

Цифрлық экономиканы дамыту орталығының мәліметінше, дәрілік заттарды таңбалаудың пилоттық жобасы 2019 жылдың 1 қыркүйегінен 2021 жылдың 31 шілдесіне дейін жүргізілді. Қазақстан аумағында дәрілік заттарды міндетті түрде таңбалау кезең-кезеңмен енгізіледі. Бұл мәселені іске асыратын бірыңғай оператор "Қазақтелеком" АҚ нарықтың цифрлық таңбалауға дайындығы мәселесін пысықтауда.