Үкіметтің жаңартылған құрамына қандай жаңа есімдер кірді

0
2 119

Үкіметтің жаңартылған құрамы екі жаңа есіммен толықты.


Үкіметтің жаңартылған құрамына қандай жаңа есімдер кірді

ERNUR.KZ. Қазақстанның Үкімет мүшелері толық жасақталып болды, деп жазады ҚазАқпарат.

Үкіметтің жаңартылған құрамы екі жаңа есіммен толықты. Дегенмен Үкімет басшысы ауысқан жоқ. 30 наурызда Мәжіліс депутаттары Премьер-Министр лауазымына Әлихан Смайыловты тағайындауға келісім берген болатын.

Үкімет аппаратының басшысы да орнында қалды. Президент Жарлығымен Ғалымжан Қойшыбаев вице-премьер – Үкімет Аппаратының Басшысы болды.

Үкімет мүшесі атанғандардың бірі – Мұрат Нұртілеу. Нақтырақ айтсақ, Президент Жарлығымен Мұрат Нұртілеу Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Осылайша ол бұған дейін атқарған Президент Әкімшілігінің Басшысы лауазымынан босатылды.

Екінші жаңа есім – 2021 жылдың наурыз айынан бері «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарып келген Алмасадам Сәтқалиев. Ол Энергетика министрі лауазымына тағайындалды. Ал бұған дейін осы қызметті атқарған Болат Ақшолақов Президент кеңесшісі болды.

Үкімет басшысының тағы бір орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин өз қызметінде қалды.

Алтай Көлгінов те Үкімет басшысының орынбасары лауазымын атқара береді.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерұлан Жамаубаев та Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі болып қайта тағайындалды.

Марат Ахметжанов Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі қызметінде қалды.

Қорғаныс министрі де өз орнында қалды. Мемлекет басшысының Жарлығымен Руслан Фатихұлы Жақсылықов қызметіне қайта тағайындалды.

Әлібек Қуантыров Ұлттық экономика министрі лауазымын қайта иеленді.

Асхат Оралов Мәдениет және спорт министрі қызметін атқара береді.

Азамат Есқараев Әділет министрі болып қайта бекітілді.

Тамара Дүйсенова да Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінде қалды.

Жыл басында ғана Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып тағайындалған Марат Қарабаев та өз орнында қалды.

Ажар Ғиният Денсаулық сақтау министрі ретінде қайта тағайындалды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Бағдат Батырбекұлы Мусин ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі лауазымына тағайындалды.

Зүлфия Сүлейменова Экология және табиғи ресурстар министрлігінің басшысы қызметінде қалды.

Дархан Қыдырәлі де Ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметін жалғастыратын болды.

Юрий Ильин Төтенше жағдайлар министрі қызметіне қайта тағайындалды.

Саясат Нұрбек Ғылым және жоғары білім министрлігіне басшылық етуді жалғастырады.

Ербол Қарашөкеев Ауыл шаруашылығы министрі болып қайта тағайындалды.

Ғани Бейсембаев та Оқу-ағарту министрі лауазымында қалды.