ҰҚК "Жаркенттіктер" қылмыстық тобы туралы айтты

0
774

Тәртіп сақшылары ұстағанға дейін күдіктілер бірнеше жыл бойы шетелде жасырынып келген. Олар халық тұтынатын тауарлар контрабандасы, ақша бопсалау және алаяқтықпен айналысқан.


ҰҚК

ERNUR.KZ. Трансшекаралық қылмыстық топтың екі басшысы бопсалаушылық, ұйымдасқан қылмыстық топ құру және пара бергені үшін сотталды, деп жазады sputniknews.kz.

Ұйымдасқан қылмыстық топтың басым бөлігі – 27 адамға сот үкімі 2016 жылы шықты. Ол кезде шекара және кеден қызметінің бірқатар лауазымды тұлғасы бас бостандығынан айырылды. Алайда топтың басшылары Ж. Бегімбетов пен М. Ниязов жасырынып жүрді.

Оларды ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тек 2018 жылы қолға түсірді. Қыркүйек айында Интерполмен Ниязов Қырғыстанда ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды. Екі айдан соң Алматы облысында Бегімбетов ұсталды.

Істі тергеу аяқталған соң екеуінің де ісі Талдықорған қаласының мамандандырылған өңіраралық сотына тапсырылды.

"Бегімбетов Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі (қылмыстық құқықбұзушылыққа қатысушылардың түрлері), 194-бабы 4-бөлігі (қорқытып алу), 262-бабы 1-бөлігі (ҰҚТ құру және оған қатысу) көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол қауіпсіздік деңгейі орташа мекемеде 6 жыл 6 ай жазасын өтейді", - деп жазылған ҰҚК баспасөз қызметінің ақпаратында.

Ниязов 7 жылға бас бостандығынан айырылады. Ол Қылмыстық кодекстің 367-бабы 4-бөлігі (пара беру) және 392-бабы 1-бөлігі (шекарадан қасақана заңсыз өту) бойынша кінәлі деп танылды.

2015-2016 жылдары ұлттық қауіпсіздік комитеті "Жаркенттіктер" трансшекаралық қылмыстық тобы әрекетінің жолын кескен болатын. Олар халық тұтынатын тауарлар контрабандасы, ақша бопсалау және алаяқтықпен айналысқан.

2016 жылы топтың 27 қатысушысы, оның ішінде оларға қамқорлық жасаған кеден қызметінің лауазымды адамдары әртүрлі мерзімдерге бас бостандығынан айырылған болатын. Алайда олардың жетекшілері Ж. Бегімбетов пен М. Ниязов қылмыстық қудалаудан жасырынып, оларға халықаралық іздестіру жарияланған.