Украинада қазақстандықтарды 900 миллион теңгеге алдаған алаяқтар тобы ұсталды

0
255

Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Аслан Өскембаевтың мәліметінше, қылмыскерлер алдын ала құрылған схема бойынша әрекет еткен.


Украинада қазақстандықтарды 900 миллион теңгеге алдаған алаяқтар тобы ұсталды

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Украинаның Черновцы және Одесса қалаларында Қазақстан азаматтарын алдаумен айналысқан жалған call-орталық жойылып, оны құрғандар ұсталды, деп жазады stan.kz.

Оларды 23 қыркүйекте еліміздің Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері, Бас прокуратура және Украинаның Ұлттық полициясы мен Бас прокуратурасы бірлесіп қолға түсірді. Олар алаяқтардың трансұлттық қылмыстық тобының жолын кесті.

Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Аслан Өскембаевтың мәліметінше, қылмыскерлер алдын ала құрылған схема бойынша әрекет еткен. Олар жәбірленушілерге Қазақстанның Ұлттық Банкі, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтері атынан жалған қоңырау шалған.

"Олар адамдарды "күдікті операциялар" мен "террористік ұйымдарды қаржыландыру" үшін қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытып, азаматтарды несие алуға, мүлкін сатуға және депозиттегі қаражатты дроптардың шотына аударуға мәжбүрлеген. Осылайша психологиялық қысым жасаған. Топ нақты иерархиядан тұрған. Әркім өз рөлін атқарған. Онда әкімшілер, HR-менеджерлер, "клоузерлер", техникалық қызметкерлер, тіпті "күштік блок" болған. Қылмыстық жолмен алынған ақша call-орталықтың жұмысына, автокөлік сатып алуға және тағы да басқа нәрселерге жұмсалған", – делінген хабарламада.

Өскембаевтың айтуынша, ұйымдастырушылар кеңсені жалға алып отыру үшін айына 60 мың доллар (32 644 200 теңге) жұмсаған.

"Күдіктілердің бірі соңғы алты айда бес көлік сатып алған. Бір мезгілде күдіктілердің тұрғылықты мекенжайлары бойынша және сall-орталықтың өзінде жүргізілген тінту барысында 30-дан астам компьютерлік техника, 79 ұялы телефон, SIM-карталар, нысанды киім-кешек, құқық қорғау және арнайы органдардың, Ұлттық банктің қызметкерлерінің жалған куәліктері, азаматтарды алдауға арналған түрлі жауап нұсқалары бар алдын ала дайындалған сценарийлер, басқа да айғақтар тәркіленді”, – деді Аслан Өскембаев.

Тәркіленген құрылғыларда deepfake технологиясы арқылы видео мен дауысты өзгертуге арналған арнайы бағдарламалық жасақтама табылды. Алдын ала мәлімет бойынша қаскүнемдер Қазақстан тұрғындарын 900 миллион теңгеден астам сомаға алдаған.

Арнайы операция нәтижесінде Украинаның тоғыз азаматы ұсталып, оның бесеуі қамауға алынды.