Ұлттық банк қауіпті микроқаржы ұйымдарының тізімін жариялады

0
114

Олардың біреуі Forbes тізіміндегі миллиардерлерге тиесілі.


Ұлттық банк қауіпті микроқаржы ұйымдарының тізімін жариялады

ERNUR.KZ. Ұлттық банк Қазақстандағы 200-ден астам микроқаржылық ұйымның сегізінің пруденциялық нормативтерді орындамағанын мәлімдеді. Яғни бұл компаниялар тәуекел деңгейі жоғары әрі клиенттер үшін қауіпті, деп жазады stan.kz.

1 қазанға қарай Қазақстанда 216 микроқаржылық ұйым жұмыс істейді. Есепті деректер бойынша, нарық қатысушыларының басым бөлігі белгіленген пруденциялық нормативтердің бәрін сақтап отыр. Алайда сегіз компанияда міндетті талаптардың орындалмағаны тіркелген.

Нормативтерді орындамаған микроқаржылық ұйымдар

Барлық компаниялар мына көрсеткіштер бойынша бағаланған: меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті, мерзімі өткен берешек үлесінің лимиті, бір қарыз алушыға келетін максималды тәуекел және жиынтық міндеттемелер коэффициенті. Осы көрсеткіштердің кемінде біреуін орындамау компанияны автоматты түрде жоғары қадағалау тәуекелі бар ұйымдар қатарына енгізеді.

МҚҰ Salem Credit – меншікті капиталы 3,4 миллиард теңге. Құрылтайшылар – Ригадағы OOO Kyzyfee SIA және Виталий Нижегородцев. Белгілі болғандай, жазда бұл МҚҰ-ның лицензиясы үш айға тоқтатылған. Сонымен қатар, ұйымның қызмет түрлерінде "Мамандандырылмаған дүкендердегі өзге де бөлшек сауда" деп көрсетілген. Ұлттық банк кестесіне сүйенсек, компанияда мерзімі өткен берешек үлесіне қатысты норматив бұзылған. Несиелік портфельдің барлық дерлігі мәселеге толы.

МҚҰ SF Offline да жазда лицензиясы тоқтатылған ұйымдардың қатарында болды. Оны да Виталий Нижегородцев құрған. Бірақ бұл жолы құрылтайшылары SIA SF Capital KG және Дияр Ахмеджанов. Мұнда да мәселе сол: негізгі қарыз бойынша мерзімі өткен берешек лимиттен асқан. Реттеушінің деректеріне сәйкес, әр он қарыздың тоғызы уақытында өтелмеген.

МҚҰ POS Credit – Нижегородцев пен SIA Fintech Partners Europe-ке тиесілі. Капиталы – 203 миллион теңге. Бұл компания да жазда лицензиясы үш айға тоқтатылған ұйымдар тізімінде болды. Мерзімі өткен қарыз үлесі бойынша норматив бұзылған. Алғашқы компания секілді, несиелік портфельдің басым бөлігімәселеге толы.

МҚҰ Successful Finance құрылтайшысы – Нұрлан Абдельдинов. Капиталы – 526 млн теңге. Нарықтағы атауы — S-Finance. Бір қарыз алушыға келетін максималды тәуекел коэффициенті нормативтен жоғары — яғни қарыздардың шамадан тыс бір немесе бірнеше клиентке шоғырлануы байқалады.

МҚҰ Birinshi Finance-тің негізін құрған иелері – Александра Соколова және Ирина Козлова. Капиталы – 455 млн теңге. Мерзімі өткен берешек үлесі нормадан жоғары: кредиттік портфельдегі әрбір үшінші теңге мәселеге толы қарызға тиесілі.

МҚҰ Orbis Credit басқа компаниялар арқылы Махмудовтар отбасына – кәсіпкерлер Фаррух пен Сухраб Махмудов және олардың анасы Рашидаға тиесілі. Капиталы – 290 миллион теңге. Мерзімі өткен берешек үлесі жоғары. Кредиттік портфельдің төрттен бірінен көп бөлігі – мәселелі. Forbes мәліметінше, Фаррух пен Сухраб Махмудовтың байлығы 388 миллион долларды құрайды. Олар Қазақстандағы ең бай 27-орындағы тұлғалар.

"Batys Kapital" шамамен бір ай бұрын лицензиясынан айырылды. Себебі заңнаманы және нормативтік-құқықтық актілерді жүйелі түрде бұзған.

МҚҰ "Оркен" құрылтайшысы – Бегжан Бағлан. Капиталы – 210 миллион теңге. Мерзімі өткен берешек үлесі белгіленген нормадан жоғары.

Меншікті капиталы ең ірі микро қаржылық ұйымдар

1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстандағы микроқаржылық нарықта меншікті капиталы миллиардтаған теңгені құрайтын бірқатар ірі МҚҰ жұмыс істейді. Ұлттық банк деректеріне сүйенсек, бұл компаниялар пруденциялық нормативтердің барлығын орындайды және ең жоғары қаржылық орнықтылыққа ие. Топ-5 құрамына кіретіндер:

  1. МҚҰ "Тойота Файнаншл Сервисез Казахстан" (Негізін қалаушы – Toyota Financial Services (UK) Plc) капиталы – 42,9 миллиард теңге;
  2. МҚҰ "Lending and Finance Technologies" (Негізін қалаушы – Людмила Кобзева) капиталы – 40,2 миллиард теңге;
  3. МҚҰ "TAS Finance Group" (Негізін қалаушы – Алматы мәслихатының депутаты Дулат Тастекеев, оның інісі болуы мүмкін Рахат Тастекеев, Руслан Ким, Алексей Тюников) капиталы – 35,0 миллиард теңге;
  4. МҚҰ "MyCar Finance" (Түпкі иелері – Нұрлан Смағұловтың A.G. OVERSEAS PTE. LTD компаниясы, Бекнұр Несіпбаев, Руслан Омаров, Анар Макашева) капиталы – 30,5 миллиард теңге;
  5. МҚҰ "Робокэш.кз" (Негізін қалаушы – сингапурлық ROBOCASH PTE. LTD.) капиталы – 30,2 миллиард теңге.

Осылайша, бұл ұйымдарда жиынтық меншікті капитал 178 миллиард теңгеден асады. Бұл оларды сектордағы маңызды және жүйелі ойыншыларға айналдырады. "Тойота Файнаншл Сервисез Қазақстан" компаниясының капиталы минималды реттеуші талаптан екі есе көп, әрі нарықтағы көптеген бәсекелестерден айтарлықтай жоғары.