Ұлттық құрылтай жұмысына азаматтық сектор кеңінен тартылады – Ақпарат вице-министрі

0
688

Ұлттық құрылтайдың құрылуы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруда маңызды кезең болып отыр.


Ұлттық құрылтай жұмысына азаматтық сектор кеңінен тартылады – Ақпарат вице-министрі

ERNUR.KZ. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров мәлім етті, жазады ҚазАқпарат.

«Министрлік қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру және құрамын жаңарту жөніндегі жұмысты жалғастыратын болады. Қазіргі уақытта 102 қоғамдық кеңес құрылған, 111-і қалыптасу барысында. Сонымен қатар, жаңартылған құрамдарды қалыптастыру кезінде белсенді ҮЕҰ-лар өкілдерін, партиялар мен азаматтық институттарды барынша тарту ұсынылады», - деді Д. Қадыров Қазақстанның Азаматтық альянсы алаңында Жолдауды талқылау кезінде.

Оның сөзіне қарағанда, биыл алғаш рет Қазақстан Республикасындағы қоғамдық кеңестердің қызметі туралы Ұлттық баяндама дайындалады. Онда қоғамдық кеңестер жұмысының тиімділігіне және оның одан әрі дамуы перспективаларына талдау жасалатын болады.

Осыған қоса, біріншіден, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесі арқылы ҮЕҰ жобаларын жоспарлау тәсілі қайта сарапталады. Мәселен, қазіргі таңда Парламентте тиісті заң жобасы қаралуда, ол ҮЕҰ-ны мемлекеттік қолдаудың сапасы мен ашықтығын айтарлықтай дәрежеде жақсартатыны анық.

«Екіншіден, елді дамытудың өзекті міндеттері мен мәселелерін шешу үшін белсенді азаматтарды тарту мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, ҮЕҰ-ны оның барлық кезеңдерінде мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне тарту тетіктері жетілдірілетін болады. Әрбір шешімге тыңғылықты талдау жасалады. Үшіншіден, Парламент қабырғасында азаматтар мен мемлекеттің өзара іс-қимылының сапалы жаңа қағидаттарын қалыптастыратын «Қоғамдық бақылау туралы» Заң жобасы талқылануда», - деді вице-министр.

Оның пайымынша, Ұлттық құрылтайдың құрылуы ашық қоғамды қалыптастыруда және «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруда маңызды кезең болып отыр. Ұлттық құрылтай жұмысына азаматтық қоғам өкілдері кеңінен жұмылдырылады. Осы орайда еліміздің барлық өңірінен түрлі бағыттар бойынша қамтылады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарғанын айта келе, енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынды.

«Ұлттық құрылтайдың құрамында еліміздегі барлық аймақтың өкілдері болады. Сондай-ақ, оған Парламенттің бірқатар депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың мүшелері, беделді қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығы жұмысшылары, бизнес өкілдері және тағы басқа азаматтар кіреді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.