Ғимарат ішінен 40 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды.
Фото: © istockphoto.com
ERNUR.KZ. Ұлытау облысының Жәйрем ауылында түнде төтенше жағдай тіркелді. Бес қабатты қонақүй ғимаратынан лаулаған өрт шығып, оқиға орнына құтқарушылар шұғыл жетті, деп жазады Azattyq Rýhy.
Ресми мәліметке сәйкес, Қаражал қаласына қарасты Жәйрем кентінде орналасқан бес қабатты қонақүйдің шатыры мен ішіндегі жиһаздары отқа оранған. Өрт сөндірушілердің алғашқы легі жеткен кезде ғимарат шатырының ашық жанып жатқаны анықталған.
«Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында тілсіз жау толығымен ауыздықталды», — деп мәлімдеді мекеме өкілдері.
Өрт сөндіру қызметі мен «Зевс-Энерго» мемлекеттік емес өртке қарсы қызметінің бірлескен күшімен ғимарат ішінен 40 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Эвакуацияланғандардың арасында 8 бала бар. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі мен келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр.


