Ұлытауды Қазақстанның географиялық орталығы деп атайды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №731 қаулысымен бекітілген «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының шеңберінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 7 желтоқсандағы №867 қаулысымен Ұлытау облысында аумағы 58,9 мың гектарды құрайтын «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылғаны белгілі.
Елімізде мұндай ұлттық мәртебесін алған парктер көп емес. Десек де арнайы қорғауды қажет ететін аумақтың бұл 14-шісі. Яғни, елімізде құрылған 14-ші ұлттық парк.
Гранит тастар мен «Қызыл Кітапқа» енген 5 түрлі өсімдігі бар ұлттық парк аумағында Ұлытау жотасының Әулиетау шыңы (теңіз деңгейінен 1133 метр биіктігі), Едіге тауы бар. Қорғау аймағы да екіге бөлінген – Ұлытау қорғау аймағы мен Арғанаты қорғау аймағы. Бай қойнауында кен тастарымен қатар жан-жануар, тірішілік әлемі, өсімдіктерін дүниесін де қатар жиған табиғаты да сұлу паркте ашылғалы бері атқарылып жатқан жұмыс көп. Арнайы штатқа қызметкердер алынып, аумағы белгіленген ұлттық парк қорғауға алынып, зерттеу жасалды.
Құшағы аңызға толған Ұлытау
Ұлытауды Қазақстанның географиялық орталығы деп атайды. Картаға қарасақ, расында бұл аудан елдің оңтүстіігі мен солтүстігін, батысы мен шығысын түйістірер тап ортала орналасқан.
Содан да болар, тарихта Ұлытау жерінде ғасырлар қойнауына кеткен талай оқиғалар өтіп, қаншама хан сайланып, құрылтай өткен жер деседі. Хан ордасы аталған Ұлытаудан атақты Әмір Темір өзінің ұлы жорығын бастаған десе, Жошы, Алаша, Тоқтамыс пен Едіге хандар осы жерде жүниеден өткен деген аңыз бар.
Аңыз демекші, ел аузынан жеткен әпсананың бірінде әйгілі Асан қайғы «Жерұйықты» іздеп жүріп осы Ұлытауда жан тапсырған деседі. Бұл ғана емес, Ұлытау жайында жырлайтын тарихи дерек пен аңыз көп. Әр тасы мен ағашы сырт шерткен Ұлытаудан шақырымнан астам қашықта жергілікті халық рухани әлемнің кіндігі, Ұлытаудың жүрегі атанып кеткен Ақмешіт әулие немесе Әулиетау орналасқан.
Кезекті бір аңызда осы Әулиетау шыңын аспан мен жердің теңесетін тұры деп атайды. Сондықтан да оны жұрт киелі тұтып, қасиетті санаған. Таудың ұшар басында Әулие үңгір аталатын дер бар. Ел аузындағы аңызда осынау үңгір зороастризмнің негізін қалаған Заратуштраның бір мекені болған көрінеді. Бұл жерге келушілер де көп, түнеп шығып, тілек тілейді. Әсіресе, перзент сүйгісі келетін жандар көп түнейді екен.
Ұлытау қойнауының тағы бір көпшілік тағзымына айналған тұрсы – Гүлсара Ана шипалы бұлағы. Шипалы бұлақ Ұлытау селосына жақын орналасқан. Суымен адамның ішкі құрылысын, яғни асқазан, бүйрек, бүйрек тастарын және тағы басқа түрлі ауруларды емдеген деседі.
Осы сияқты парк аумағында халық қасиет тұтқан жауһар орындар да жетерлік.
Бүгінде табиғи парктің жұмысы жолға қойылған десе болады. Онда қызмет ететін инспекторлар паркті көздің қарашығындай сақтап, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне қамқор. Қақаған қыстың қарлы боранында биотехникалық іс-шаралар ұйымдастырылып, жабайы жануарларға, аңдарға қосымша азықтандыру жұмыстары тиісінше жүргізіліп отырады. Ауа-райының қолайсыздығынан таулы аймақта қардың қалың түсуіне байланысты, жабайы жануарлардың қоректенуіне мүмкіндік болмайтын сәттер аз емес. Осындайда “Ұлытау” ұлттық паркінің орманшылықтарында биотехниялық жұмыстар қарқынды жалғасады.
Айта кету керек, Ұлытау табиғи паркі бойынша туристік соқпақтар бағдарланған болатын. Арнайы бағдарлама бойынша қамтылған бағыт, яғни, соқпақтар 4 бағдарда жоспарланған. “Тұран жолбарысын реинтродукциялау үшін жағдай жасау және Ұлытау тау алабының табиғи және тарихи - мәдени нысандарын сақтауға жәрдемдесу” жобасы аясында БҰҰДБ және “QazaqGeography” РҚБ бірлесе отырып Ұлттық парктің “Әулиетау” туристік соқпағының кіріс тобының дизайндік жобасы әзірленіп, сол жобаға сәйкес туристік соқпақтың стелласы, электрондық шлагбаум, 600 шаршы метрлік автотұрақ, 50 дана қарағай ағашы, беседка және қоқыс тастау жәшіктері қойылған.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің “Ұлытау” мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аңшы-биолог маманы ғылым және экологиялық мониторинг бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, ұлттық парк аумағындағы жануарларды бақылау мақсатында фото-қақпандар орнатқан. Бұл арқылы парк аумағын мекендейтін аң-құстардың тіршілігі зерттеліп, бас саны анықталып, олардың жойылып кету қаупіне де назар аударылатын болады.
Жас ұрпаққа Ұлытау ұлықталып жүр
Биылғы жылдың 19 сәуірі күні Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің “Ұлытау” мемлекеттік ұлттық табиғи паркі” РММ Экологиялық ағарту, рекреация және туризм бөлімінің басшысы Е. Рахманиянов және рекреация және туризм инженері Б. Болаттың ұйымдастыруымен “Парктер шеруі-2023” табиғатты қорғау акциясының ашылу салтанаты өткен болатын. Салтанатты шара Ұлытау ауданы №1 Тірек мектебінде өтіп, оқушылар акцияның мақсатымен танысты. Сонымен қатар Халықаралық ағаш егу күніне орай, аудан мектебінің ауласына көгалдандыру жұмыстары да жүргізілген болатын.
Бұл ғана емес, Ұлытауды ұлықтайтын шаралар аудан аумағында жиі болып тұрады. Әсіресе, жас ұрпаққа таныстырып, ертеңгі күнге аманаттайтын табиғи парктің құндылығы түсіндіріледі.
Мәселен, осы жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің “Ұлытау” мемлекеттік ұлттық табиғи паркі” РММ Экологиялық ағарту, рекреация және туризм бөлімі ұйымдастыруымен “Парктер шеруі-2023” табиғатты қорғау акциясы аясында, оқушыларды еңбекке баулу және жануарларға, құстарға қамқорлық көрсету мақсатында “Құстарға қамқор болайық” атты қол өнер байқауы ұйымдастырылды. Байқауға Ұлытау ауданы №1 Тірек мектебінің оқушылары қатысып, еңбектері бағаланып, жүлделі орындармен марапатталды.
Мектеп оқушылармен мұндай іс-шаралар жиі ұйымдастырылып, жас ұрпақты табиғатты сақтауға бағытталған дәрістер де өткізіліп тұрады.
Соымен қатар, аудан, облыс жастары да мұндай ісшаралардан тыс қалмайды. Соның бір айғағы, тамыз айында өткен «ECO әлем» экологиялық-танымдық ойынға құрылған іс-шарасы.
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің “Ұлытау” мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және “Жасыл ел” жастар ұйымымен бірлесе өткізілген “ECO әлем” экологиялық танымдық ойынында үш командадан құралған ойыншылар аймақтың экологиялық мәселелерін ашық айтып, шешу жолдарын ұсынды. Жастардың көзімен ортаға салынған экологиялық актуалды мәселелер қозғалып, жаңа туристік маршруттық жолдар ұсынылды. Экологиялық танымдық ойын жастардың туған жерге деген шынайы махаббаты мен сүйіспеншілігін одан әрі арттыруға үлкен септігін тигізді.
Ойын түрінде өткізілсе де мұндай бастамалардың маңызы орасан екені белгілі. Ел тілгінін болашақта ұстайтын бүгінгі жастардың орамды ойы, айтар идеялары назарға алынып, іске асыруға бағытталғандығы көңілге қуаныш ұялатады.
Қауіпсіздік шаралары басты назарда
Жыл мезгілінің сәуір және қараша айларының аралығы өрт қаупі бар маусым екені белгілі. Осы уақытта “Ұлытау” МҰТП қызметкерлері Ұлттық парк аумағы өрттен сақтауға барын салады. Парк аумағында жиі өрт сөндіру оқу-жаттығу жиындары өтіп, орман өрттерінің алдын алу мақсатында дайындық кезінде мемлекеттік инспекторларға техникалық сабақтар жүргізіліп, өртке қарсы құрал-жабдықтар жинақталып, жаңартылыр отырады.
Сонымен қатар, “Ұлытау” МҰТП қызметкерлері Ұлттық парк аумағына келушілерді 2010 жылғы 1 қыркүйектегі № 555 бұйрығымен бекітілген жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақта болу ережесімен таныстырып, түсіндірме жұмыстарын да уақытылы түрде жүргізіп отырады. Өрт қаупі бар маусымды ескере отырып, Ұлытау ауданының ТЖБ қызметкерлерімен бірлесіп демалушыларды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақыру мақсатында үгіт насихат жұмыстары жүргізіледі.
Тек ол ғана емес, парк аумағына қауіп бей-берекет шашылған қоқыстан да келетіні рас. Жыл сайын 5 маусымда Біріккен Ұлттар Ұйымы әлемдегі халықтың назарын қоршаған орта проблемаларына аудартады.
Ғалымдардың есептеуінше, шамамен 1950 жылдан бастап күні бүгінге дейін табиғат қойнауына миллиард тоннадан астам пластик түскен екен.
Ал пластикалық өнімдерді өндіретін зауыттар жылына атмосфераға 400 миллион тоннаға дейін көмірқышқыл газын шығарады. Бүгінде жануарлардың шамамен 800-дей түріне пластикалық заттарды жеп қою және пластикпен улануы салдарынан жойылып кету қауіпі төніп тұр.
Парк аумағында демалушылардың негізінен пайдаланатыны пластик ыдыстар екені белгілі. Ал оның жинала келе адамзат табиғи жолмен ыдырамайтын пластик калдыктардың зардабын тартанынын әлем бойынша мамандар дабыл қағуда. Бұл күннің қарсаңында ұлттық парк ұжымы да тыс қалмайды. Мәселен, биылғы жылдың 5 маусым күні “Ұлытау” мемлекеттік ұлттық табиғи паркі” РММ Экологиялық ағарту, рекреация және туризм бөлімі ұйымдастыруымен, Ұлытау ауданының жастар ресурстық орталығымен бірлесе отырып қазіргі таңда қоршаған ортаға қауіп төндіріп тұрған пластикалык өнімдерді азайту мақсатында экологиялық акция өткізді. Сенбілікке шыққан жастар тасталған қоқыс пен пластик қалдықтарды жинап, парк аумағын біршама тазартып, әлемдік күннің маңыздылығына өз істерімен тағы бір рет назар аудартты.
суреттер Ұлытау ұлттық паркі МҰТП ресми парақшасынан алынды