Мәжілісте жаңа заң жобасы талқыланды.
ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаттары «Кейбір заңнамалық актілерге кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын талқылады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Жаңа заң жобасы бойынша проблемалық қарыздары бар азаматтардың қарыз жүктемесінің өсуіне жол бермеу үшін кредиттер бойынша төлем мерзімін кешіктіру 90 күннен асқан жағдайда оларға кепілсіз тұтынушылық кредиттер беруге тыйым салу жөнінде норма енгізіледі, «Бұдан басқа, банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін барлық қолданыстағы (өтелмеген) тұтынушылық кредиттер бойынша төлем мерзімін кешіктіру 90 күннен асқан соң сыйақы есептеуге тыйым салынады.
Проблемалық кредиттерді реттеу рәсімдерін іске асыру арқылы азаматтардың проблемалық берешек деңгейін азайту маңызды шара болып табылады. Соңғы жылдары банктер мен микроқаржы ұйымдары өз баланстарын тазарту үшін жеке тұлғалардың проблемалық кредиттерін айтарлықтай жеңілдікпен коллекторларға беру практикасы қалыптасты», - деді депутат Үнзила Шапақ.
Сонымен қатар, құжатта қарыз алушылардың мерзімі өткен берешекті реттеу құқықтарын қорғау үшін банктер мен микроқаржы ұйымдарының азаматтардың кредиттерін төлем мерзімі өткен кезден бастап 24 айдан соң және кредитор берешекті реттеу рәсімдерін жүргізгеннен кейін ғана коллекторлық агенттіктерге сатуына рұқсат беру ұсынылды.
«Бүгінгі күні коллекторлық агенттіктер едәуір көлемде жеке тұлғалардың қарыздарын сатып алып, олар бойынша қарыздың барлық сомасын қайта құрылымдаусыз өндіріп алуда.
2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еліміздің 890 мың азаматының 382 млрд теңге сомасындағы қарыздары коллекторлық агенттіктерге берілген.
Осыған орай, жеке тұлғалардың сатып алынған кредиттері бойынша берешекті реттеу рәсімдерін жүргізу бойынша коллекторлардың тікелей міндетін енгізу ұсынылады», - деді депутат.
Депутаттың сөзінше, халықтың шамадан тыс кредит алуына жол бермеу үшін тұтынушылық кредиттер бойынша берешектің абсолютті мөлшерін шектеу бөлігінде берешекті реттеу рәсімін қатаңдатудың маңызы зор.
«Қазір банктер мен микроқаржы ұйымдарының тұтынушылық кредиттері бойынша берешектің орташа деңгейі шамамен 1,5 млн теңгені құрайды, бұл ретте мұндай кредиттер бойынша берешектің ең жоғары мөлшері заңнамада белгіленбеген. Қарыз жүктемесінің шамадан тыс өсуін шектеу үшін заңнамалық тұрғыда тұтынушылық кредит деген ұғым енгізіледі, бұл оның ең жоғары мәнін нормативтік деңгейде шектеуге мүмкіндік береді», - деді ол.
Депутаттың мәліметі бойынша, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 8,5 миллион қазақстандықтың қаржы ұйымдарының алдында 19 трлн теңге сомасына берешегі бар, оның ішінде 8,2 миллион азаматтың кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша берешегі 10 трлн теңгені құрайды. Бұл ретте 1,6 млн азаматтың 1,7 трлн теңгеге проблемалық кредиттері бар.