Ол 5 жылға түрмеге жабылды
Фото: qostanai.media
ERNUR.KZ. Қостанай облысында жантүршігерлік жол апатынан қаза тапқан мұғалімдердің ісі бойынша кінәлі жүргізушіге қатысты үкім шықты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Оқиға былтыр 16 желтоқсанда болған. Қостанай – Әулиекөл – Сұрған тасжолында «VOLVO FH12» маркалы жүк көлігінің жүргізуші сотталушы Р. қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, «TOYOTA ALFARD» маркалы автокөлігіне соққан. Жүк көлігінің жүргізушісі 1992 жылы туған Түркістан облысының тұрғыны болса, жолаушылар көлігінің жүргізушісі тұрғыны 1982 жылы туған Шалғышы ауылының тұрғыны.
Апаттан «TOYOTA ALFARD» автокөлігінің үш жолаушысы қаза тауып, жүргізуші С. және екі жолаушы, оның ішінде біреуі кәмелетке толмаған, жарақат алып, ауруханаға жатқызылды. Көз жұмған үш жолаушы: Қостанай ауданы Заречный мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі 35 жастағы Карина Лаврик, Алтынсарин ауданы Үлкен-Чураков жалпы білім беретін мектебінің педагог-психологы 48 жастағы Луиза Ашаева және «Әйгерім-Ай» гуманитарлық жекеменшік мектептің мұғалімі 22 жастағы Алина Абрамова еді.
Сотта айыпталушы өз кінәсін мойындады. Жәбірленуші тарап оған ең қатаң жазаны тағайындауды сұрады.
Сот Р-ға жазасын 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, сондай-ақ 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырды. Ол қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде өтейді. Сондай-ақ судья жүргізушінің шын ниетпен өкінуін және үш жас баласының болуын есепке алған.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, апатқа ұшыраған жолаушылар мейрам күндерін туыс-туғанының жанында өткізіп, облыс орталығына қарай жол тартқан екен. Марқұм мұғалімдер туралы әріптестері жылы естеліктерін бөлісіп, қайғыра шығарып салған еді.