Игентай Сопыжанов бұрын әйелдің туысын өлтірген болатын. Ал осы жылдың ақпан айында, төрт жыл жазасын өтеген соң ол шартты түрде босатылған.
ERNUR.KZ. Бүгін, 8 қыркүйекте, үш жасар баланың ұрлануы мен өліміне байланысты өткен шұғыл брифингте Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы қылмысқа күдікті азаматқа республикалық іздеу жарияланғанын мәлімдеді, деп жазады NUR.KZ.
«Сопыжанов Игентай Кәрімұлы, 1996 жылы туған, республикалық іздеудегі қылмыскерлер тізіміне енгізілді.
Бүгін Шет ауданы, Бұрма елдімекенінің маңынан жас баланың мәйіті табылды. Денесі ауыл шетіндегі орман екпесінде бұтақтармен жабылған. Өлімнің себебін тағайындалған сараптама көрсетеді.
Сопыжанов баланы ұрлау және өлтіру ісі бойынша күдікке ілінді.
«Олардың жеке қарым-қатынастары болған. Екеуі бір-бірін жақсы біледі. Игентай Сопыжанов бұрын осы әйелдің туысын өлтірген болатын. Ал осы жылдың ақпан айында, төрт жыл жазасын өтеген соң ол шартты түрде босатылған», - деді Ерлан Файзуллин.
Облыстық полиция бастығының сөзіне қарағанда, тәртіп сақшылары барлық посттарда күдіктіні іздеу үшін көліктерді тексереді.
«Бағдарлар барлық облыстарға таратылды - станцияларға және такси жүргізушілеріне», - деді Ерлан Файзуллин.
«Аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен, 17.11.1996 жылы туған Сопыжанов Игентай Кәрімұлы іздестірілуде.
Белгілері: бойы 175-180 см, арық дене бітімді, шашы қара, қысқа.
Ол үстіне ашық түсті капюшонымен қоңыр күрте, қара көк джинсы, аяғына қара "берцы" киген.
Мына нөмірлер бойынша хабарласу сұралады: 8 (7212) 42 90 25, 42 91 90, 8 701 503 88 87, 8 701 750 37 52", - делінген полиция хабарламасында.
Естеріңізге сала кетсек, бүгін Қарағанды облысында осыдан бірнеше күн бұрын анасының қолынан ұрланған үш жасар сәбидің мәйіті табылғаны туралы хабарлаған едік.
5 қыркүйек күні ер адам дүкеннің жанында тұрған 22 жастағы танысының баласын қолынан жұлып алып кеткен.