Әуе кемесінің бортында мазасыз және тәртіпсіз жолаушылармен проблемаларды шешуге жәрдемдеседі
ERNUR.KZ. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Әуе кемелерінің бортында жасалатын қылмыстар және кейбір басқа да актілер туралы конвенцияны және Әуе кемелерінің бортында жасалатын қылмыстар және кейбір басқа да актілер туралы конвенцияны өзгертетін Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп жазады ҚазАқпарат.
«Ратификациялаудың мақсаты - Халықаралық азаматтық авиация ұйымы ассамблеясының 39 сессиясы шешімін жүзеге асыру. Бұл халықаралық шарттар әуе кемелерінің бортында тәртіпсіз мінез-құлықтың жолын кесу және тәртіпке бақылау жасауға бағытталған.Конвенция мен Хаттамада, сондай-ақ әуе кемесінің командирлері мен экипаж мүшелерінің ұшу кезінде тәртіпсіз жолаушыларға қолданатын шектеулі шаралар бойынша өкілеттіктері анықталды және кеңейтілді. Хаттамада экипаж мүшереліріне, жолаушыларға және қауіпсіздік қызметінің қызметкерлеріне тәртіпсіз жолаушыларға қатысты алдын алу шараларын қолдануға мүмкіндік беретін нормалар көзделген», - деді ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Роман Скляр.
Осы орайда, ол Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларында осы әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салып өтті.
«Бұл халықаралық шарттарды жүзеге асыру - әуе кемесінің бортында мазасыз және тәртіпсіз жолаушылармен проблемаларды шешуге жәрдемдеседі. Конвенция мен Хаттаманы ратификациялау Қазақстан тарапынан қосымша шығындар мен міндеттемелерді қажет етпейді», - деді Роман Скляр.
Сонымен қатар, жалпы отырыста «Әуе кемелерін заңсыз басып алуға қарсы күрес туралы конвенцияны және Әуе кемелерін заңсыз басып алуға қарсы күрес туралы конвенцияны толықтыратын Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы да мақұлданды.