«Ұятсыздар»: Алматының автобусында үлкен кісілер мен жастар орын үшін дауласты (ВИДЕО)

0
360

Әйел адам екі бойжеткенді үлкендерге орын бермедің деп сөккен.


«Ұятсыздар»: Алматының автобусында үлкен кісілер мен жастар орын үшін дауласты (ВИДЕО)

Фото: видеодан скриншот

ERNUR.KZ. Tiktok әлеуметтік желісіне видео жүктеген автор Алматыдағы автобус ішінде болған дауды бастан-аяқ баяндаған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Үлкен ер адам үшін орын сұраған әйел адам жастарды табалап, екі қызға «ұятсыз екенсіңдер» деп дауыс көтеріп, айқай салады. Жастар болса, автобуста ешкім ешкімге орын беруге міндетті емес екенін алға тартқан.

«Көп өмір сүріп қойдыңдар ма? Көп көрдіңдер ме? Бұл - үйдегі тәрбиеден емес, адамның санасына байланысты нәрсе. Менің қызым ешқашан автобуста үлкен кісілерге орын бермей отырмайды», - дейді жастарды кінәлаған әйел.

Видеоға пікір жазғандар екі бойжеткенге ақыл айтып, әйелді сотқа беруге болады дейді. Себебі қоғамдық орындарда ешкім ешкімнің ар-ожданына тие алмайды.

«Жастар шаршамай ма? Айтарға сөзім жоқ. Мәдениетті түрде «қызым, орын берші» десе, кез келген адам қабылдап, орнын ұсынар еді. Біз де таңертең кептелісте тұрмас үшін ерте 5-6-да шығып, сабағымызға барып, кейін жұмыстан кешке үйге қайтарда автобуста отырып барғымыз келеді. Тәрбиесіне, ата-анасына тіл тигізгені дұрыс па? Әйелді әйел түсінбесе, кім түсінеді?», - деп жазды халық.

Естеріңізге сала кетейік, Алматының қоғамдық көлігінде басталатын кейбір даулардың арты қайғылы оқиғаға ұшырап жатады. Мәселен, бір жылға жуық уақыт бұрын автобус жүргізушісіне тіл тигізген ер адам оны ұрып, есінен тандырған. Жүргізуші әйел рульге ие бола алмай, аялдамада тұрған бір топ адамды таптап өткен. Үш адам қаза тапқан. Жігіт 8 жылға сотталды.

Бұдан өзге, жуырда Алматыдағы тағы бір автобустың жүргізушісі жолаушылардың төбелесін ажыратамын деп, өзі таяқ жеген еді.