Вакцина салдырғандарға маска тақпай жүруге бола ма – министрлік жауабы

0
563

​Әлеуметтік желіде вакцина салдырғаны туралы паспортты көрсеткен жағдайда бетпердесіз жүруге болатыны туралы ақпарат тарады. Ақпараттың рас-өтірігін денсаулық сақтау министрлігі айтты.


Вакцина салдырғандарға маска тақпай жүруге бола ма – министрлік жауабы

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі коронавирусқа қарсы вакцина салдырғандарға қоғамдық орындарда медициналық маскасыз жүруге бола ма деген сауалға жауап берді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Әлеуметтік желіде вакцина салдырғанын айғақтайтын құжат көрсеткен жағдайда бетперде тақпай жүруге болатыны туралы ақпарат пайда болды.

"Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, барлық азамат вакцина салдырып-салдырмағанына қарамастан барлық талапты сақтауы қажет. Ол – бетперде тағу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау", - деді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.

Айта кетейік, бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ел азаматтарының 60%-і вакцина салдырған жағдайда маска режимін тоқтату мәселесін қарастыруға болатынын айтты.

2021 жылдың 14 мамырындағы ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда 1 790 356 адам вакцинаның бірінші компонентін салдырды. Вакцинаның екінші компонентін салдырғандар саны – 722 504 адам.