Ваучерлік қаржыландырудың арқасында балабақша кезегі 44%-ға қысқарды

0
57

Соңғы 5 жылда еліміздегі мектепке дейінгі ұйымдардың саны 10 650-ден 12 мыңға жуықтады.


Ваучерлік қаржыландырудың арқасында балабақша кезегі 44%-ға қысқарды

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлерде балабақшаларды іске қосу жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған қадамдық жоспар іске асырылуда. 2023 жылдан бері 180 мыңға жуық жаңа орын ашылды. Бұл ұйымдарда 1 миллионнан астам бала тәрбиеленуде. Кезектегі 2-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту деңгейі 95,9%-ға жетті. Бұл туралы ҚР оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның айтуынша, ваучерлік қаржыландыру мектепке дейінгі білім беру саласында қолжетімділікті, қызмет сапасын және ашықтықты арттыру мақсатында 2024 жылдан бастап мектепке дейінгі ұйымдарда ваучерлік қаржыландыру пилоттық жобасы іске қосылды.

«Бүгінгі күні пилоттық жобаға 20 қала, 16 аудан қосылды. Қазіргі таңда ваучерлік қаржыландыру арқылы 5 231 балабақшаға ваучерлер берілді. Нәтижесінде жыл басынан бері 21 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделіп жаңа ваучерлерді қаржыландыруға мақсатты түрде бағытталды. Бұл қадам кезектілікті 44%-ға қысқартуға мүмкіндік берді. Ваучерлік жүйе процесстердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Жаңа жүйе «ақша баламен бірге жүреді» принципі бойынша жұмыс жасайды. Ата-аналарға таңдауды өздері жасауға және балабақшаны ауыстыруға мүмкіндік берілді», – деді спикер.

Өңірлерде жаңа орындарды ашу және оларды әрі қарай қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен 2023 жылы 203 млрд теңге, 2024 жылы 226 млрд теңге, 2025 жылы 250 млрд теңге жалпы сипаттағы трансферттер бөлінді.

2023 жылдан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықтың әлеуметтік осал тобына жататын отбасы балаларын мектепке дейінгі ұйымдарда тегін тамақтандыру қамтамасыз етілді. Биыл мектепке дейінгі ұйымдарда 67 200 бала тегін тамақпен қамтылды.