Ветеринарларға арналған интернетсіз жұмыс істейтін мобильді қосымша іске қосылды

0
621

Ветеринарлар шалғай учаскелерге барып, мобильді қосымша арқылы жануарды тіркей алады.


Ветеринарларға арналған интернетсіз жұмыс істейтін мобильді қосымша іске қосылды

ERNUR.KZ. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп жазады baq.kz.

Сонымен қатар ол ветеринарлық дәрігерлерде қандай проблеманың болғанына тоқталды.

Ветеринарлық дәрігерлер үшін барлық қажетті ветеринарлық шараларды уақтылы жүргізу үлкен проблема болды. Олар шалғай учаскелерге барып, деректерді журналға енгізуге және қайтып оралғаннан кейін жұмыстың нәтижелерін «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» ақпараттық жүйесінің базасына енгізуге мәжбүр болды. Бұл айтарлықтай уақытты алатын. Бұл мәселені шешу үшін министрлік мобильді қосымша әзірледі. Бұл бағдарламалық жасақтама ветеринарлардың мобильді құрылғыларда жұмыс істеуі үшін арнайы жасалған. Мобильді қосымша ақпаратты жинауды, беруді және талдауды автоматтандырады, ал ветеринар үлкен қағазбастылықтан босатылады және мал өнімдерін нақты бақылау мүмкіндігі пайда болады, - деп атап өтті ведомство өкілі.

Айтуынша, мобильді қосымша байланыс жоқ жерлерде ыңғайлы болу үшін интернетсіз жұмыс істей алады.

Ветеринарлар шалғай учаскелерге барып, мобильді қосымша арқылы жануарды тіркей алады, дерекқор арқылы тексереді. Сондай-ақ жүргізілген ветеринариялық іс-шараларды көрсетеді. Былтыр жыл соңында Батыс Қазақстан облысында пилоттық жоба өткізілді. Пилоттық іске қосу аясында Теректі, Ақжайық және Бәйтерек ауданының ветеринарлық дәрігерлерін оқыту жүргізілді. Біз бұл тәжірибені оңтүстік өңірлерде жалғастырдық. 2023 жылдың 21 ақпанынан бастап Түркістан облысында осындай пилоттық жоба іске қосылды және Сарыағаш, Сайрам, Бәйдібек және Сауран ауданының ветеринарлық дәрігерлері оқытылды, - деді вице-министр.