Мемлекет басшысы Волонтер жылының ресми жабылу рәсіміне қатысты.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық деңгейде "Қайырымды істер" марафонын ұйымдастыруды ұсынды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
"Енді санаулы күннен соң біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басамыз. Бұл – ел дамуындағы аса маңызды белес, тарихи меже. Сондай-ақ, жетістігімізді саралап, болашағымызды бағамдайтын кезең. Келер жылғы мерейтойлық іс-шаралардың мазмұнына ерекше мән береміз", - деді Тоқаев Волонтер жылының жабылуына арналған шарада.
Мемлекет басшысының айтуынша, мерейтойлық шаралардың әрқайсысы терең, мағыналы және қоғам үшін пайдалы болуы тиіс. Сонымен қатар, өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беруі шарт.
"Осыған орай, жалпыұлттық деңгейде "Қайырымды істер" марафонын ұйымдастыруды ұсынамын. Бұл – береке-бірлігімізді арттыратын маңызды бастама. Қазіргідей күрделі кезеңде жақсы істер жасауға мән бергеніміз елдігімізді нығайта түсетіні анық. Бұл үшін ұлт болып ұйысудың маңызы зор", - деп атап көрсетті Тоқаев.
Шарада президент Волонтер жылын қорытындылап, барлық еріктіге алғыс білдірді. Сондай-ақ, еріктілікті дамытудың жол картасын әзірлеп, волонтерлерді даярлауға арналған бағдарлама қажет екенін айтты.
Алдағы уақытта волонтерлік қызметті қолдаудың бірыңғай стандарты жасалады.