Аурухана палаталарында ыстық су жоқ. Нәрестелерді жуындыру үшін шайнекке су қайнатып алып отыр.
ERNUR.KZ. Ақтөбеде балалар ауруханасының жұмысымен танысуға келген "Адалдық алаңы" тобының мүшелеріне емделушілер шағым айта жөнелді. Айтуларынша, палатада әжетхана жұмыс істемейді, ыстық су жоқ деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Баласымен бірге ем алып жатқандар палатаның салқын екенін айтады. Олар жылытқыш пештерді үйінен әкелуге мәжбүр.
"Палатамызда ыстық су жоқ. Нәрестелерді жуындыру үшін шайнекке су қайнатып алып отырмыз. Палатадағы дәретханаларға медбикелер кіргізбейді. Әжетхананың бетін жұмыс істемейді деп жауып қойды. Балаларымызды бір-бірімізге тастап, аурухананың ортақ әжетханасына жүгіреміз", - дейді ата-ана Гүлнұр Сүндетова.
Тағы бір ата-аналар ауруханада қалада болса да, ауылдағыдай күй кешіп жатқанын айтады.
"Мен бұл ауруханаға екінші рет жатып тұрмын. Екеуінде де палата әжетханасына кіргізген жоқ. Аурухананың ішінде суды жылытып, ауылдағыдай тұрып жатырмыз", - деп шағымын жеткізді емделушілер.
Аурухананың ішін аралауға келген мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанынан құрылған "Адалдық алаңы" тобының өкілдеріне шағым айтқандар әр бұрыштан табылды.
Аллерголог дәрігерге баласын көрсетуге келген тағы бір ата-анаға дәрігер жекіп тастаған.
"Жолдамамен баламды аллергологқа қаратуға келіп тұрмын. "Басыма бәле болдыңдар" деп дәрігер ұрысып тастады. Бұл маман сағат 4-ке дейін жұмыс істейді екен. Сағат 4-ке 20 минут қалғанда маған кете бер деп айтты. Қаланың сыртындағы ауруханаға баламен күнде келу маған да оңай емес", - дейді ата-ана Гүлнұр Бөлекшурина.
"Адалдық алаңы" тобының мүшелері жағдайды түсіндіруді сұрағаннан кейін ғана дәрігерлер баласын көтерген ананы қабылдаған.
"Біздің бұл ауруханаға келуіміздің мақсаты - бірлесе жұмыс жасауға шақыру. Медициналық қызметті халыққа қолжетімді қылу үшін ұсыныстар айту. Науқастар шағымын, өтінішін жеткізу үшін дәрігерді іздеп жүру қолайсыз. Сол себепті бас дәрігерге кабинетін бірінші қабатқа түсіруге ұсыныс жасадық. Ол кісі ашық әйнекті кабинетте отырса, болып жатқан жағдайларды өзі де бақылап отыра алады", - дейді "Адалдық алаңы" тобының өкілі.
Үш ай бұрын бас дәрігері ауысқан Ақтөбедегі балалар ауруханасының кемшіліктеріне көз сүрінеді. Әлеуметтік нысан төтенше жағдай болып қалып жатса өрт сөндіруге де дайын емес. Өрт сөндіру құрылғысы ауруханада бірнеше айдан бері жоқ болып шықты.