Қазір портал жұмысына қатысты халықтан ұсыныстар мен ескертулер түсіп жатыр. Олардың дені өтініште ақшаны пайдалану мақсатын өзгертуге мүмкіндік беруді сұраған.
ERNUR.KZ. Отбасы банкінің басшысы Ляззат Ибрагимова зейнетақы жинағын пайдалануға арналған порталға өзгеріс енгізілетінін мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан.
"Қазір біз халықтан түскен ұсыныстар мен ескертулердің негізінде портал жұмысын жетілдіріп жатырмыз. Біріншіден, өтініште ақшаны пайдалану мақсатын өзгертуге мүмкіндік беруді сұраған. Мәселен, бір адам алдымен ипотеканы жабуға өтініш берсе, артынан ипотекаға жаңа пәтер сатып аламын деп шешті. Бірақ өтінішті жіберіп қойған. Сондықтан біз осы функцияны енгізуді жөн көрдік. Бір аптаның ішінде мұндай мүмкіндік беріледі. Сол кезде өтінішті түзетуге болады", - деді Ибрагимова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Бұдан бөлек, өтінішті жою функциясын іске қосуға қатысты ұсыныс болған. Біреулер өтініш берген, есепшотқа ақшаны да түсіріп алды. Бірақ жай жүйені тексеру үшін жасадық, ал ақшаны жылдың соңында пайдаланамыз дейді.
"Ондай мүмкіндік те беріледі. Ал үшінші ұсыныс жинақты біріктіруге қатысты. Әлеуметтік желіде осы жайында жиі сұрайды. Мәселен, ипотеканы өтеуге қатысты бір өтініш жіберілді. Оған тағы бір туысты қосқысы келеді. Оны да ескереміз. Шамамен, он күннің ішінде осы функция да іске қосылады", - деп атап көрсетті Ибрагимова.
Айта кетейік, 23 қаңтарда бірыңғай зейнетақы жинағын алуға арналған портал - enpf-otbasy.kz сайты іске қосылған болатын. Сол арқылы өтініш жіберіп, арнайы есепшот ашуға болады. Бес күннің ішінде оған БЖЗҚ-дан ақша түседі. Ал оператор 10 күнде қаржыны тиісті мақсатта жұмсау операцияларын орындайды. Жалпы, зейнетақы жинақтарын пайдалануға 45 күн беріледі. Осы уақыттың ішінде ақшаны пайдаланбаса, оны зейнетақы қорына қайтарады.