Он бір күдікті 2 ай мерзімге қамауға алынды, ал үшеуіне қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
фото: Sputnik / Кирилл Брага
ERNUR.KZ. Адамдарға зейнетақы жинағын заңсыз шығаруға көмектескен стоматологиялық клиникалардың басшылары мен өзге де адамдарға қатысты тергеу жүріп жатыр, деп жазады sputnik.kz.
Зейнетақы жинақтары стоматологиялық қызметтер көрсету туралы формальды шарттар жасасу және кейіннен жалған медициналық құжаттар ұсыну арқылы шығарылған.
"Бұл көмек үшін күдіктілер алынған қаражаттың 10%-дан 20%-ға дейінгі мөлшерінде заңсыз сыйақы ұстап отырған. Қылмыстық схемаға 42 стоматологиялық клиника тартылған. Жалпы сомасы 200 млрд теңгеден астам қаражат шығарылған", - дейді агенттікте.
Қылмыстық жолмен алынған табыстарға күдіктілер элиталық жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алып, сондай-ақ жасыру мақсатында үшінші тұлғалардың атына рәсімдеп, жаңа стоматологиялық клиникалар ашқан.
Он бір күдікті 2 ай мерзімге қамауға алынды, ал үшеуіне қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Сонымен қатар жүйелі түрде заңсыз сыйақы алу үшін медициналық мекемелердің дәрігерлері дәрігерлік-консультациялық комиссиялардың жалған қорытындыларын берген. Күдіктілерден алынған қаражаттың жалпы сомасы 30 млн теңге.
Бұл фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды.
Бұған дейін хабарланғандай, өз зейнетақы аударымдарын алған азаматтар қылмыстық қудалау аясына түспейді.


