"Жағдай бұдан да ауыр болар еді": Беккер Арыстағы таңғаларлық жайт туралы айтты

0
959

Арыстағы жарылыс кезінде темір жолда түрлі сұйық заттар сақталған 460 цистерна болыпты.


ERNUR.KZ. ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер Арыстағы жарылыс бұдан да жойқын болуы мүмкін екенін айтты, деп жазады sputniknews.kz.

"Темір жолда түрлі заттар сақталған 460 цестерна болған. Олардың жарылмауы адам таңғаларлық жағдай. Жағдай бұдан да ауыр болар еді. Бүгінде Арыс пен қала маңынан саперлер 12 мыңнан астам жарылғыш зат тапты. Жарылыстан 3 адам қаза тапты. 2 әскери жарылыс ошағында жүрген, ал бір тұрғын жарылғыш заттың жарқыншағы тиіп, көз жұмған", - деді Владимир Беккер.

Оның айтуынша, қазіргі таңда 50 адам ауруханада жатыр.

"Олардың арасында ауыр жарақат алғандар мен балалар бар. Бәрі аман қалсын деп тілейік", - деді төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы.

Сондай-ақ, Беккер 24 маусым күні елордадан Арысқа қалай жеткенін де айтып өтті.

"Мен сағат 13:00-де қорғаныс министрімен бірге ұштым. Кейін оқиға орнына тікұшақпен жеттік. Бізді сол жердегі әскерилер күтіп алды. Олар бронды киім мен каскада болды. Біз де оқ өтпейтін киім кидік. Жарылыс ошағына бронды машинамен жеттік", - дейді Владимир Беккер орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингтен соң журналистерге.

Оның айтуынша, Арыс қаласына барған кезде жойқын жарылыстарға куә болған.

"Ол жерде жарылыстар әлі болып жатты. Біз қала мен оның сыртын аралап шықтық. Кейін жарылыс болған әскери бөлімге бардық. Әскерилер оқиға орнынан қашып кеткен жоқ. Онда қару-жарақ та болды ғой. Олар бөлімдегі заттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті шара қолданды", - деді төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы.

Владимир Беккер әскери қоймада қандай оқ-дәрілердің жарылғанын айтып берді.

"Әскери бөлімнің картасын көрдіңіздер ме? Оны Google арқылы көре аласыздар. Әскери бөлімде 3 қойманы көрдік. Онда артиллерия, инженерлік миналар сақталған. Қателеспесем, қоймалардың бірі жарылған. 3 шақырым жерде инженерлік мина сақталған қойма орналасыпты. Ондағы миналар да детонацияланған", - дейді ол.