Полицейлер 34 жасар Михаилдің тұншықтырылып, артынша металл түйреуішпен желкесінен бірнеше рет сұққандығын анықтады.
ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысы полицейлері Жайық өзенінен азаппен өлтірілген ер адамның денесін тапты. Ол қарашаның 25-нен бері жоғалғандар тізімінде болған 34 жастағы тұрғын екені анықталды, деп жазады exk.kz.
Өзеннен табылған ер адамның өлі денесін сараптай келе, полицейлер 34 жасар Михаилдің тұншықтырылып, артынша металл түйреуішпен желкесінен бірнеше рет сұққандығын анықтады. Кейін күдікті денені жасыру үшін өзенге ағызып жіберген.
Шұғыл іздестіру шаралары аясында адам өліміне қатысы бар деген күдікпен жергілікті тұрғындардың бірі ұсталды.
Облыстық ПД тергеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Махамбет Темірбаевтың айтуынша, қылмыстық іс жасалғанда күдікті жанында бірнеше адам болған.
"Оларға қатысты ауыр қылмысты жасыру, дер кезінде хабарламау бойынша заң тұрғысынан баға берілетін болады", - деді Махамбет Темірбаев.
Ал Михаилдің әпкесі із-түзсіз жоғалар алдында бөтен адамдармен ішімдік ішкенін айтады. Бірақ бір адамның өлтіргеніне сенбейді.
"Олар сол күні төрт адам болды. Бейнебақылау камерасынан-ақ бәрі көрініп тұр. Қылмыстық істі тек біреуі мойнына алып, қалғандары жазадан құтылып кетпекші деп ойлаймын", - дейді Михаилдің әпкесі Клавдия.
Қылмыстық кодекстің 99 бабы (адам өлтіру) бойынша іс қозғалды.